ҚазҰУ-да Цифрлық филология орталығы ашылды

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да XV Бағызбаева оқулары аясында Дүкенбай Досжан атындағы Цифрлық филология ғылыми-шығармашылық орталығының ашылу салтанаты өтті.
Дүкенбай Досжан – көрнекті жазушы, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының және М.Әуезов атындағы ұлттық сыйлықтың лауреаты, өз заманының шындығын шебер бейнелеген талантты тұлға. Жаңа орталық цифрлық технологиялар жетістіктерінің негізінде шығармашыл жастарды руханият саласының өкілдерімен таныстырып, әлемдік әдеби ортамен табыстыратын алаң болмақ.
Орталықтың ашылу салтанатында мемлекет қайраткері, генерал-полковник, Халық Қаһарманы Сәт Тоқпақбаев, белгілі жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты Сәуле Досжан және басқалар сөз сөйледі.
Іс-шара аясында ЖИ көмегімен Сәуле Досжанның «Ауылдан келген миллионер» шығармасы бойынша түсірілген мультфильмнің тұсаукесері өтті.
Бағызбаева оқулары ары қарай «Цифрлық филологияның өзекті мәселелері: бүгіні мен болашағы» тақырыбындағы халықаралық дөңгелек үстел аясында жалғасты. Аталған жиында филология ғылымының докторы, профессор, ҚР ҰҒА академигі, филология факультетінің деканы Баян Жолдасбекова сөз сөйледі. «Қазіргі гуманитарлық кеңістікте біздің филология ғылымының жарық жұлдызының бай ғылыми мұрасын зерттеудің цифрлық технологияларына көп көңіл бөлінеді. Ғылыми фольклорлық мектептің қалыптасуы, аймақтық фольклордың зерттелмеген мәселелерін, әлемдік және орыс әдебиетінің түйткілді тұстарын зерттеу академик М.Бағызбаеваның ғылыми қызықтырған саласы еді. Біз қазіргі заманғы зерттеушілердің ғалымның бай шығармашылық және ғылыми мұрасына деген сұраныстың артатынына сеніміміз мол», – деді декан.
Сондай-ақ жиын аясында Патрис Лумумба атындағы РХДУ Жалпы және орыс тіл білімі кафедрасының меңгерушісі, филология ғылымының докторы, профессор Владимир Денисенков, ф.ғ.к., доцент, Патрис Лумумба атындағы РХДУ филология факультеті деканының ғылыми жұмыс жөніндегі орынбасары Оксана Александрова, PhD, Абай атындағы ҚазҰПУ зерттеу қызметі және инновациялар жөніндегі проректоры Ертай Сұлтан, ҚазҰУ профессоры, жазушы, аудармашы Аслан Жақсылықов, ҚазҰУ профессоры, Ресей жаратылыстану академиясының корреспондент-мүшесі Сәуле Бегалиева және басқа да қазақстандық және шетелдік ғалымдар баяндама жасады.
Қатысушылар цифрлық филологияның өзекті мәселелерін, тенденцияларын, даму бағыттарын және гуманитарлық ғылымдарда жасанды интеллект технологияларын пайдалану әдістерін талқылады.
Аталған шараны Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ және Патрис Лумумба атындағы Ресей халықтар достығы университетінің филология факультеті бірлесіп ұйымдастырды.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар


