Иран университетімен ортақ жобалар іске асады

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев Ирандағы Таботабие университетінің вице-президенті Манадан Тишеярмен кездесу өткізді. Тараптар серіктестікті арттыру, ортақ жобаларды жүзеге асыру жөнінде пікір алмасты.
Оқу ордасының басшысы Жансейіт Түймебаев құрметті қонақтарды қарсы ала отырып, университет жетістіктеріне тоқталды. Сондай-ақ өз сөзінде ректор қос жоғары оқу орны арасындағы әріптестік байланысты одан әрі дамыту бойынша ұсынысын жеткізді.
«ҚазҰУ мен Иран ЖОО-лары арасындағы қарым-қатынас жоғары деңгейде дамып келе жатыр. Осы тұрғыда Таботабие университетімен ортақ ғылыми жобаларды іске асыруға, академиялық ұтқырлық бағдарламасы арқылы оқытушылар мен студенттер алмасуға, бірлескен ғылыми конференцияларды ұйымдастыруға, студенттерге жетекшілік етуге әрдайым дайынбыз. Білім ордасында сирек кітаптар мен қолжазбалар қоры жұмыс істейді. Мұнда мамандар парсы, иран, араб және көне тілдерде жазылған кітаптарды зерттеумен айналысады. Осы жұмыстарды Таботабие университетінің зерттеушілерімен бірге жүзеге асыруды ұсынамын. Бұған қосымша ҚазҰУ-да Иранды зерттеуші ғалымдар жетерлік. Сондықтан екі университеттің ғалымдарын біріктіріп, жұмыс атқару қажет», – деді ректор.
Өз кезегінде Манадан Тишеяр ілтипат білдіргені үшін оқу ордасының басшылығы мен ұжымына ризашылығын жеткізіп, ынтымақтастықты жандандыруға бағытталған бірқатар ұсыныс-пікірін ортаға салды.
«Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне алғаш келуім. Маған ұмытылмас әсер сыйлады. Жоғары оқу орнының ғылыми әлеуетін көріп таңғалдым. Осы орайда, ҚазҰУ-мен бірлесіп гуманитарлық бағытқа арналған «Наурыз» атты журнал шығаруды ұсынамын. Онда қос университеттің және өзге де ЖОО-лардағы ғалымдардың ғылыми жұмыстары мен мақалаларын жариялайтын боламыз. Сонымен қатар бірлескен ғылыми орталық құру қажет деп санаймын», – деді Манадан Тишеяр.
Жүздесу барысында қос тарап кездесуде айтылған барлық бастамаларды қолдайтынын айтып, аталған жұмыстарды атқаруда арнайы жұмыс тобын құруға уағдаласты.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар

