ТДМ-4: Отан үшін от кешкендерге тағзымFarabi University

ТДМ-4: Отан үшін от кешкендерге тағзым

6 мамыр, 2025

Оқу ордамызда 6 мамыр күні Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай тағылымдық мәні зор мәдени шара өтті. Университеттің АРТ-орталығы жанындағы «Біз» студенттік театры көрермендер назарына «Отан үшін от кешкендерге тағзым» атты монологпен өрілген музыкалық қойылымын ұсынды.

Қойылым барысында Ұлы Отан соғысында ерлік көрсеткен қазақ жауынгерлерінің бейнелері көркем сахналанды. Батырларымыз – Бауыржан Момышұлы, Әлия Молдағұлова, Мәншүк Мәметова, Қасым Қайсенов, Хиуаз Доспанова, Талғат Бигелдинов пен Рақымжан Қошқарбаевтың жауынгерлік ерліктері, мұрағатта сақталған хаттары мен сырлары арқылы жан-жақты ашылып, монологтар түрінде шынайы жеткізілді.

Әрбір көрініс көрерменге соғыс жылдарындағы ауыр кезең мен жауынгерлердің рухы, туған елге деген сағынышы мен үміті туралы терең сезім сыйлады.

Қойылым шындық пен сахналық өнердің үндестігі арқылы ерекше әсер қалдырып, жас ұрпақтың бойында Отанға деген сүйіспеншілік пен тарихи жадты қалыптастыруға зор ықпал етті.

Іс-шара соңында университеттің әскери кафедрасының сарбаздары саптық жаттығулар көрсетіп, сахналық қойылым Болгов Алексей Тимофеевичтің орындауындағы «Жеңіс күні» және «Атамекен» әндерімен қорытындылады.

«Отан үшін от кешкендерге тағзым» қойылымы – батырлар ерлігіне құрмет көрсетіп, Ұлы Жеңістің тарихи маңызын жастар санасына сіңірген, жоғары деңгейде ұйымдастырылған маңызды мәдени шара болды.