Бизнес-мектептер арасындағы әріптестік

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да Қытайдың жетекші бизнес-мектептерінің бірі – Cheung Kong Graduate School of Business (CKGSB) түлектері мен тыңдаушыларына арналған кездесу өтті.
Шараны ҚазҰУ-дың Халықаралық бизнес мектебі ұйымдастырды. Аталған жиынның мақсаты – академиялық және мәдени байланыстарды кеңейту мен Орталық Азиядағы тұрақты даму, геоэкономикалық үрдістер мен Қазақстандағы инвестициялық ахуал мәселелерін талқылау.
Жиында сөз алған ҚазҰУ-дың Басқарма төрағасының орынбасары – бірінші проректор Еркін Дүйсенов Қазақстан мен Қытай арасындағы білім беру және іскерлік ынтымақтастықтың маңыздылығына тоқталып, ЖОО мен бизнес-мектептер арасындағы әріптестіктің болашағына сенім білдірді.
Сондай-ақ жиын аясында саясаттану, экономика және мәдениет саласындағы қазақстандық сарапшылар қытайлық тыңдаушыларға арнайы дәріс өткізді. Олар Орталық Азиядағы өңірлік даму, Қазақстанның еуразиялық көлік және инвестициялық хаб ретіндегі рөлі және мәдени әртүрлілік мәселелеріне баса назар аударды. Қазақстан мен Қытай арасындағы экономикалық ынтымақтастықтың өзекті бағыттарына да ерекше көңіл бөлінді. Тыңдаушылар Қазақстанның экономикалық жүйесіне қызығушылық танытып, өзара пікір алмасты.
Іс-шара Қазақстан мен Қытай арасындағы білім беру, бизнес және тұрақты даму салаларындағы әріптестікті одан әрі нығайтуға бағытталған маңызды қадам болды.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар


