Жерді қашықтықтан зерттеу мәселелері талқыланды

Қытайдың Солтүстік-батыс политехникалық университеті Информатика мектебінің профессоры Пэн Ванг ҚазҰУ-дың Инженерлік және жоғары технологиялар кластерінде болды.
Кездесу барысында Ғарыштық технологиялар және Жерді қашықтықтан зондтау орталықтарының ғылыми-зерттеу жұмыстары таныстырылды. Тараптар бірлескен ғылыми мақалалар жазу, халықаралық жобаларға қатысу және жаңа технологияларды трансфер жасау арқылы ғылыми серіктестікті нығайту мәселелерін талқылады.
Профессор Пэн Ванг өз сөзінде Компьютер ғылымдары мектебінің ғылыми жетістіктерін айта келе, бүгінгі таңда олар Жерді қашықтықтан зондтау деректері негізінде өзендердегі ағындарды болжау және ондағы мұз қабатын бақылауда, жер қыртысының өзгеруін анықтауда машиналық оқыту және жасанды интеллект технологиялары кеңінен пайдаланылып жатқанын хабарлады.
Осы орайда, кластер директоры Әмірхан Темірбаев аталған технологияларды Қазақстан аймағындағы су тасқындарын анықтау, оларды болжау сияқты ғылыми жұмыстарда пайдаланудың мүмкіндіктерін айта келе, ҚазҰУ-да орнатылған суперкомпьютердің әлеуетін бірлесе пайдалануға шақырды.
Кездесу барысында серіктестіктің нақты жоспары жасалынды. Алғашқы жұмыстар бірлескен мақалалар жазу және жариялаудан басталып, жасанды интеллект технологиясы көмегімен ғарыштық суреттерді өңдеу негізінде Қазақстандағы су тасқыны аймағын анықтау бойынша ғылыми жұмыстар жасаумен жалғасатын болады.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар


