Түркітануға жаңа көзқарасFarabi University

Түркітануға жаңа көзқарас

14 мамыр, 2025

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да көрнекті түркітанушы, филология ғылымының докторы, профессор Алтай Аманжоловты еске алуға арналған «Аманжолов оқулары – 2025» II халықаралық ғылыми-әдістемелік конференциясы өтті.

Ғылыми іс-шара көне қолжазбалар мен кітаптарды сақтап, зерттеумен қатар, түркология ғылымын дамытудың өзекті мәселелеріне және профессор Алтай Аманжоловтың ғылыми еңбектерін талдауға арналды.

Жиынды ҚазҰУ-дың Басқарма мүшесі – ғылыми-инновациялық қызмет жөніндегі проректордың м.а. Марғұлан Ибраимов ашты. Ол өз сөзінде түркі тілдерінің қалыптасу жүйесін, олардың тарихи өзгерістермен байланысын, сондай-ақ тіл реформаларының қазіргі қоғам үшін салдарын түсінудің маңыздылығына тоқталып, А.Аманжоловтың түркі тарихи-лингвистикалық мұрасын зерттеуге қосқан ғылыми-білім беру үлесін ерекше атап өтті.

«Бұл салада көрнекті қазақстандық түркітанушы, түркі тілдерінің тарихи грамматикасы, ежелгі түркі жазуы тарихы бойынша маман, филология ғылымының докторы, профессор Алтай Аманжолов өшпес із қалдырды. Бүгінгі таңда ғалымның мұрасы өзекті болып қала береді және жас ғалымдардың жаңа ізденістеріне жол ашады. Бүгінде көрнекті ғалымның ізбасарлары түркітану саласында елеулі еңбек етіп жүр», – деді Марғұлан Ибраимов.

Сондай-ақ шарада Халықаралық түркі академиясының вице-президенті Асхат Кесікбаев, филология ғылымының докторы, Өзбек мемлекеттік әлем тілдері университетінің профессоры Дусмамат Құлмаматов (Өзбекстан, Ташкент қ.), филология ғылымының докторы, профессор, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Түркология және алтайтану ҒЗИ атқарушы директоры Нұрсұлу Шаймерденова, филология ғылымының докторы, Шетел филологиясы және аударма ісі кафедрасының профессоры Элеонора Сүлейменова, Фараби кітапханасының директоры Жадыра Арекенова және басқалар баяндама жасады.

Іс-шара аясында «Аманжолов оқулары – 2025» кітабының тұсаукесері өтті. Конференция секциялық жиындарға жалғасып, онда қатысушылар түркітану мен кітапханатанудың өзекті мәселелерін талқылады.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі