ҚазҰУ-да Жақып Асанов көшбасшылық дәріс оқыдыFarabi University

ҚазҰУ-да Жақып Асанов көшбасшылық дәріс оқыды

16 мамыр, 2025

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты төрағасының орынбасары Жақып Асанов көшбасшылық дәріс оқыды.

Дәріске оқу ордасының басшылығы, заң факультетінің оқытушылары мен білім алушы жастар қатысты.

Спикер құқық қорғау және сот жүйелерін дамытуға ықпал еткен басқарушылық тәжірибесімен бөлісті. Еркін форматта ұйымдастырылған кездесуде студенттер белсенді түрде сұрақтарын қойып, өз ұсыныстарын білдірді.

Дәріс барысында Жақып Қажманұлы табысты мансап пен тиімді басқарудың негізі болып саналатын үш қағидатқа тоқталды. Құрметті қонақтың сөзінше, бұл негізгі үш қағидат уақытты тиімді пайдалануға, маңызды жұмыстармен айналысуға, мықты команда қалыптастыруға және заманауи құралдар мен тәсілдерді қолдануға мүмкіндік береді. Бұл ойларын ол Қазақстанның Бас прокуратурасы мен Жоғарғы сотында жүзеге асырылған нақты реформалар арқылы дәлелдеді.

«Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті мен үшін ыстық. Аталған оқу ордасын бітіргеніме биыл – 40 жыл. Университетті бітіргеннен кейін көптеген жауапты қызметтерде жұмыс істедім. Жетістікке жету оңай емес. Сондықтан жетістікке мақсатын түсінетін, жұмысына ұқыпты қарайтын, сондай-ақ мықты команда қалыптастырған адам ғана жетеді. Прокуратурада жұмыс істеген уақытымда «Түрмедегілерді азайтудың 10 шарасы» немесе «Өз бостандығың өз қолыңда» атты жобасын жүзеге асырдық. Соның нәтижесінде 15 колония жабылып, қылмыс жасаушылардың және қайтадан қылмысқа баратындардың саны едәуір азайды. Сол уақытта біз үлкен нәтижеге қол жеткіздік», – деді Жақып Асанов.

Лекция соңында спикер студенттерді белсенді болуға, жауапкершіліктен қашпауға, адами ресурсты бағалауға және үнемі білімге ұмтылуға шақырды.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі