Ұлыбритания ЖОО-ларымен ортақ жобалар іске асады

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Басқарма Төрағасының орынбасары – бірінші проректор Еркін Дүйсенов Ұлыбританиядағы Эксетер университетінен келген делегациямен кездесу өткізді.
Жүздесу барысында проректор Эксетер университетінің халықаралық байланыс бөлімінің басшысы Рейчел Джонсқа ҚазҰУ туралы толық ақпарат беріп, университеттің шетелдік жоғары оқу орындарымен ғылыми-білім беру кеңістігінде мол тәжірибесі барын атап өтті.
«Бүгінде ҚазҰУ Ұлыбританияның 11 университетімен әріптестік байланыс орнатқан. 2021-2024 жылдары ҚазҰУ-дың 10 докторанты және 25 оқытушысы Ұлыбритания университеттерінде өткен түрлі конференцияларға, біліктілікті арттыру курстарына қатысып, тағылымдамадан өтті. Сондай-ақ 2021-2024 жылдары білім ордасына Ұлыбританияның сегіз ғалымы келіп, дәріс оқыды. Алдағы уақытта да Ұлыбритания ЖОО-ларымен ынтымақтастықты жандандыруды көздеп отырмыз», – деді Еркін Дүйсенов.
Өз кезегінде Рейчел Джонс Эксетер университеті қолға алған жаңа жобалармен таныстырды. Сонымен қатар бірлескен ғылыми зерттеулерді жүзеге асыру туралы бастама қарастырылды.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар университет ғалымдарының ғылыми ізденіс нәтижелері мен ғылыми мақалаларын әлемнің белді басылымында жариялау мүмкіндіктерін арттыруға қатысты әріптестік байланысты жандандыруға уағдаласты.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар


