ҚазҰУ спортшылары универсиада үздіктері қатарындаFarabi University

ҚазҰУ спортшылары универсиада үздіктері қатарында

19 мамыр, 2025

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің спортшылары Түркістан қаласында өтіп жатқан XIII жазғы универсиадада үздіктер қатарынан көрінуде.

Қыздар құрамасы үстел теннисінен жалпыкомандалық есепте бірінші орынды иеленді. Команда сапында медицина және денсаулық сақтау факультетінің 1-курс студенттері Ангелина Романовская мен Әнел Бақыт, география және табиғатты пайдалану факультетінің 2-курс студенті Аружан Бекіш бар. Спортшыларға ҚазҰУ спорт кешенінің жаттықтырушылары Тимур Бейсалиев, Қуаныш Жаркешев және Светлана Кириенко жетекшілік етті. 

Сондай-ақ университет студенттері үстел теннисінен жеке есеп бойынша қарсыластарынан басым түсті. Қыздар арасында жеке біріншілікте Әнел Бақыт І орынды, Ангелина Романовская ІІ орынды, Аружан Бекіш ІІІ орынды иеленді. Ал жасөспірімдер арасында Харки Искендер І орынға, Ерасыл Ғайнеденов пен Нұртуған Сағынтай V орынға тұрақтады.

ҚазҰУ спортшылары таэквондо жарысынан да алдыңғы орындарды жеңіп алып, үздік үштікке енді. 67 келі салмақта халықаралық қатынастар факультетінің 3-курс студенті Фарида Байбатырова бірінші орынға ие болды. 46 келі салмақта филология факультетінің 1-курс студенті Наргиза Сәкен екінші орынды еншіледі. Ал 53 келі салмақта Малика Иминжанова, 49 келі салмақта Айкерім Жеңіс, 68 келі салмақта Қуаныш Әбдірасилов үшінші орынға жайғасты.  Бұдан бөлек, қыздар арасында таэквондодан ҚазҰУ құрамасы екінші орынға ие болды.

Сонымен қатар ҚазҰУ спортшыларынан құралған команда тоғызқұмалақ жарысында үшінші орынды иеленіп, қола медальді қанжығасына байлады. Команда құрамында механика-математика факультетінің студенттері Зухра Сайдулла, Райхан Қайрат және физика-техникалық факультетінің студенттері Мәдина Таңатарқызы мен Ақерке Шамшархан бар. Қыздар құрамасын Айнұр Молдахметова жаттықтырды.

Айта кетейік, Түркістан қаласында өтіп жатқан XIII жазғы универсиада 10 мамыр күні басталған, 14 маусымға дейін жалғасады. Ауқымды спорттық додаға  76 университеттен 4000-нан астам студент қатысуда.  

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі