Әйелдер құқықтары мен қорғау механизмдеріFarabi University

Әйелдер құқықтары мен қорғау механизмдері

22 мамыр, 2025

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да «Әйелдер құқықтары және қорғау механизмдері: стандарттардан қолдауға дейін» атты семинар өтті.

Жиында ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасының орынбасары – бірінші проректор Еркін Дүйсенов қатысушыларды білім ордасы атынан құттықтап, университеттің жетістіктері, интеллектуалдық әлеуеті және оның мәртебесін ерекше атап өтті.  Ол өз сөзінде қазіргі заманғы жаһандық сын-қатерлер жағдайындағы гендерлік теңдік пен әйелдердің құқықтарын қорғау мәселелерінің ерекше өзекті болып отырғанын айтты. Қазақстанда бұл мәселе мемлекеттік саясаттың назарында болғандықтан, гендерлік теңсіздікті қамтамасыз ету және әйелдердің мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған реформалармен расталады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев гендерлік теңдік –мемлекеттік саясаттың негізгі басымдықтарының бірі екендігін ерекше атап өткен болатын. «Біріккен ұлттар ұйымы – әйелдер» құрылымымен, Франция және Мексика үкіметтерімен ұйымдастырылған «Теңдік ұрпағы» жаһандық форумының қатысушыларына арналған видеоүндеуінде Президент «Қазақстанның 30 жылдық тәуелсіздігі ішінде әйелдерді қолдау және олардың құқықтарын қамтамасыз етуге бағытталған прогрессивті саясатты қалыптастырылғанын тілге тиек етті.

Семинарда Астана қаласындағы ОБСЕ бағдарламаларының адам өлшемі бөлімінің басшысы Николас Мазик, ҚР Әділет министрлігіне қарасты тіркеу қызметі және заң қызметтерін ұйымдастыру комитетінің төрағасының орынбасары Шолпан Бекенова сөз сөйледі. Олар әйелдердің құқықтарын қорғауға бағытталған халықаралық міндеттемелер мен шаралар туралы баяндады.

Сондай-ақ жиында гендерлік теңдік, әйелдер құқықтары және тұрақты даму саласындағы сарапшы Аида Әлжанова «Қазақстанның әйелдер құқықтарын қорғау саласындағы халықаралық міндеттемелері» бойынша Алматы қалалық адвокаттар алқасының адвокаты Жанна Оразбақова «Жыныстық қылмыстар бойынша істерге қатысу ерекшеліктері» тақырыбында баяндама жасады. Семинар соңында сарапшылар қатысушылардың сұрақтарына жауап беріп, ортақ нәтиже шығарды.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі