ТДМ-4: Есірткіге қарсы әлеуметтік бейнеролик түсірілдіFarabi University

ТДМ-4: Есірткіге қарсы әлеуметтік бейнеролик түсірілді

23 мамыр, 2025

Алматы қаласы, Бостандық ауданының прокуратурасының бастамасымен есірткіге қарсы бағытталған әлеуметтік бейнеролик түсірілді. Бұл жоба — жастар арасында нашақорлықтың алдын алу, салауатты өмір салтын насихаттау және құқықтық сауаттылықты арттыру мақсатында қолға алынған маңызды бастамалардың бірі.

Іс-шара барысында университеттің белсенді студенттері мен еріктілері әлеуметтік бейнероликтің түсіріліміне қатысып, өздерінің азаматтық ұстанымдарын көрсетті. Видеоның негізгі идеясы — жастарды есірткіден аулақ болуға шақыру, зиянды әдеттердің салдары туралы ойландыру және өмірдің құндылығын дәріптеу.

Іс-шараны Бостандық ауданының прокуроры тікелей бақылап, жастармен сұхбаттасып, есірткінің зияны туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Сонымен қатар, студенттерге арнап тақырыптық ақпараттық парақшалар таратылып, құқық қорғау органдары өкілдерімен ашық диалог өтті.

Түсірілген бейнеролик алдағы уақытта Алматы қаласының мектептері мен колледждерінде, сондай-ақ түрлі қоғамдық және мәдени іс-шаралар барысында көрсетілетін болады. Бұл материал жасөспірімдер мен жастардың санасына есірткінің зиянды әсерін тереңірек жеткізуді мақсат етеді.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті қоғамның өзекті мәселелерін шешуге бағытталған осындай әлеуметтік жобаларды әрдайым қолдап келеді. ҚазҰУ – тек білім мен ғылым ордасы ғана емес, сонымен қатар қоғамдық жауапкершілікті сезінетін, ел болашағына бейжай қарамайтын жастарды тәрбиелейтін орта.

Университет қабырғасында өткізілген бұл іс-шара — жас ұрпақтың есірткіге қарсы иммунитетін қалыптастыру жолындағы нақты қадамдардың бірі. Алдағы уақытта мұндай жобалар жүйелі түрде жалғасады деп күтілуде.