Ақпараттық экран орнатылдыFarabi University

Ақпараттық экран орнатылды

28 мамыр, 2025

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Қытайдың жетекші басылымдарының бірі – «Жэньминь жибао» электрондық ақпараттық экрандары орнатылып, арнайы таныстырылымы өтті.

Іс-шараға Қытай Халық Республикасының Алматыдағы Бас консулдығы, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университеті, Қытайдың Солтүстік-батыс политехникалық университетінің басшылары мен басқа да мекемелердің өкілдері қатысты.

Салтанатты жиынды ҚазҰУ Басқарма Төрағасының орынбасары – бірінші проректор Еркін Дүйсенов ашты. Ол бұл шараның Қазақстан мен Қытай арасындағы мәдени және ақпараттық алмасуды нығайту жолындағы маңызды қадам екенін атап өтті. «Жэньминь жибао» газеті – Қытайда ғана емес, бүкіл әлем бойынша ең ықпалды және беделді басылымдардың бірі. Бүгінде басылым тілшілері мен журналистері әлемнің 70-тен астам бөлімшелерінде жұмыс істейді. Электрондық ақпарат киоскілерінің орнатылуы ақпаратқа жедел әрі ыңғайлы қол жеткізуге өте қолайлы. Цифрлық дәуірде мұндай технологиялар студенттер мен оқытушыларға маңызды оқиғалар мен сараптамалардан үнемі хабардар болуға мүмкіндік береді. Бұл  жастардың дүниетанымын кеңейтіп, сыни ойлау қабілетін дамытуда елеулі ықпал етеді», – деді бірінші проректор.

Айта кету керек, бүгінде Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Қытайдың 65 жоғары оқу орнымен тығыз ынтымақтастықта жұмыс істейді. Университетте  Қытайдан келген 800-ге жуық студент білім алуда.

Сондай-ақ шарада «Жэньминь жибао» газеті бас редакторының орынбасары Фан Цзяншань, Қытай Халық Республикасының Алматыдағы бас консулы Цзян Вэй, Солтүстік-батыс политехникалық университеті халықаралық ынтымақтастық бөлімінің басшысы, Халықаралық білім институтының директоры және СБПУ-дың Қазақстандағы филиалының директоры Кун Цзе, Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінің бірінші проректоры Әсел Чакликова, Алматы көпсалалы колледжінің директоры Асылхан Бейсетбаев, сондай-ақ Industrial and Commercial Bank of China (ICBC) Алматы қаласындағы бөлімшесінің бас директоры Люй Хунхай сөз сөйледі.

Іс-шара барысында жобаның іске қосылуын және қазақстандық аудитория үшін Қытайдан өзекті ақпаратқа қол жеткізуді бейнелейтін экрандардың ашылу салтанаты болды.

Сонымен қатар форум аясында «Си Цзиньпин әңгімелері» атты танымал қытай мультсериалын қазақ тіліне аудару жобасының басталғаны жарияланды. Қытай тарапынан бұл бастама Қазақстан жастары арасында қытай мәдениеті мен құндылықтарын тереңірек түсінуге ықпал етеді деп күтілуде. Қатысушылар мен қонақтар «Бір экран – бір ырғақ» атты интерактивті сессияға қатысып, ҚазҰУ-дағы Farabi Hub зертханалары мен орталықтарының жұмысымен танысты.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі