ҚазҰУ ректоры түркологияға арналған конференцияда сөз сөйледіFarabi University

ҚазҰУ ректоры түркологияға арналған конференцияда сөз сөйледі

28 мамыр, 2025

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев «Түркологиялық зерттеулердегі заманауи сын-қатерлер мен шешімдер» тақырыбындағы халықаралық конференцияға онлайн форматта қатысып, баяндама жасады.

Ауқымды шараны Ташкент мемлекеттік шығыстану университеті ұйымдастырды.

Пленарлық отырысқа Орталық Азия елдеріндегі ЖОО басшылары, сарапшылар, белгілі ғалымдар, түркітанушылар мен  профессорлар жиналды.

Жиынды Ташкент мемлекеттік шығыстану университетінің ректоры Гульчехра Рихсиева ашып, халықаралық конференцияның маңызына тоқталды. Сонымен қатар өз сөзінде оқу ордасының басшысы түркологияның түйткілді мәселелерін талқылау үшін арнайы келген құрметті қонақтарға ризашылығын білдірді.

Өз кезегінде ҚазҰУ басшысы Жансейіт Түймебаев сөз сөйлеп, жаһандық трансформациялар мен қазіргі заманның жаңа сын-тегеуріндері жағдайында түркология мен алтайтануды зерттеу бүгінде ерекше маңызға ие болып отырғанын атап өтті.

«ХХІ ғасырда түркология мен алтайтану Орталық Азия, Сібір және басқа да өңір халықтарының мәдени-тарихи, этно-тілдік байланыстарын түсінуде шешуші рөл атқарады. Аталған салалардағы зерттеулер әлемдік мәдени мұраның маңызды бөлігі болып табылатын түркі жазуының тілдерін, дәстүрлері мен ескерткіштерін сақтауға және құжаттауға көмектеседі. Түркітану және алтайтану сынды ғылыми бағыттардың дамуы тілдердің эволюциясын, олардың өзара қарым-қатынасын және бір-біріне әсерін зерттеуге мүмкіндік береді, әсіресе бұл жаһандану жағдайында өте өзекті. Мен өзімнің монографиялық зерттеулерімде және докторлық диссертациямда түркітану мен алтайтану түркі-моңғол өзара іс-қимылы нәтижесінде тілдік өзгерістерге талдау жасай отырып, халықтардың тілдерін, мәдениетін, тарихын зерттейтін пәнаралық бағыттар екеніне назар аудардым. Бұл бағыт қазіргі жағдайда тереңірек зерттеуді және осы бағыттағы күш-жігерімізді біріктіруді талап етеді», – деді ректор.

Сонымен қатар Жансейіт Қансейітұлы өз сөзінде түркітану мен алтайтану бағытында ҚазҰУ мен Ташкент мемлекеттік шығыстану университетінің ғалымдары бірлесіп ауқымды жұмыстарды жүргізіп жатқанына назар аударды.

Айта кетейік, ҚазҰУ базасында Түркітану және алтайтану ғылыми-зерттеу институты табысты жұмыс істейді. Мұнда сирек кездесетін қолжазбалар мен көне кітаптарды кеңінен зерттеу жұмыстары жүргізіледі.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі