Татарстан Ғылым академиясымен ортақ жобалар іске асады

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев Татарстан Республикасы Ғылым академиясының президенті Рифкат Миннихановпен кездесті.
Жүздесу барысында тараптар ынтымақтастық орнату жолдарын талқылап, бірқатар мәселелерді ортаға салды.
Жансейіт Түймебаев ҚазҰУ Татарстанның Ғылым академиясымен серіктестікті одан әрі нығайтуға дайын екенін жеткізді. Сонымен қатар ректор ғылыми жобаларды жүзеге асыру, ғалымдармен алмасу, мұрағаттағы материалдармен бөлісу бағытындағы әріптестік байланысты кеңейтуге мол мүмкіндік бар екеніне назар аударды.
«Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Ресейдің 180 жоғары оқу орнымен келісім жасасқан. Соның ішінде Татарстан университеттерімен ынтымақтастық қарқынды дамып келеді. Татарстан Ғылым академиясының ғалымдары мен профессорларын дәріс оқуға және тәжірибелерімен бөлісу үшін ҚазҰУ-ға шақырамыз. Болашақта университет пен академия арасындағы ғылыми серіктестікті дамыту қажет деп санаймын», – деді ректор.
Кездесуде Рифкат Минниханов ҚазҰУ мен академия арасындағы ынтымақтастықтың әлеуетіне тоқталып, бірлескен жобаларды жүзеге асыруға дайын екенін жеткізді.
«Ғылым академиясы 1991 жылы құрылды. Гуманитарлық, жаратылыстану және техникалық ғылымдар саласындағы ғылыми-үйлестіру және сараптама орталығының функцияларын орындайтын мемлекеттік ғылыми ұйым болып табылады. Академия құрамында 160 ғалым бар. Сондай-ақ жеті ғылыми бөлім, алты ғылыми-зерттеу институты мен екі ғылыми орталық табысты жұмыс істейді. ҚазҰУ-мен тәжірибе алмасуға, ортақ жобаларды іске асыруға әрдайым дайынбыз», – деді академия президенті.
Жүздесу соңында қос тарап аталған бастамаларды жоспарлы түрде іске асыруға уағдаласып, естелік сыйлықтармен алмасты.
Сонымен қатар Жансейіт Түймебаев Татарстан Президенті Рустам Миннихановпен кездесіп, ҚазҰУ мен Татарстан ЖОО-лары арасындағы байланысты нығайту мәселесін талқылады.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар


