ҚазҰУ командасы – FICS 2025 байқауының жеңімпазы

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың механика-математика факультеті студенттерінен құрылған команда Әзірбайжанның Баку қаласында өткен «Жаңа инновациялық және креативті шешімдерді іздеу» атты халықаралық стартаптар конкурсына қатысты.
Байқау Әзірбайжан техникалық университетінің (AzTU) кампусында өтті. ҚазҰУ командасы Механика кафедрасының студенттері Айтбай Нұрқадам, Қалжан Асхат, Нәлибек Рамазан, Есен Елжас сынды білімді жастардан құралды. Команданың ғылыми жетекшісі – Механика кафедрасының аға оқытушысы Бірлік Сағитжанов.
FICS 2025 байқауын Әзірбайжан техникалық университеті мен Пәкістан Ислам Республикасының Ұлттық ғылым және технологиялар университеті (NUST) бірігіп ұйымдастырды. Беделді халықаралық стартаптар байқауына әлемнің түкпір-түкпірінен талантты студенттер жыл сайын шақырылады.
Байқау аясында барлығы 65 команда өздерінің инновациялық жобаларын ұсынды. Солардың ішінен ҚазҰУ командасының «ROBOSPIDER» атты стартап-жобасы ерекше танылып, «Ең үздік инновациялық стартап-жоба» номинациясын жеңіп алды. Осы жетістіктің нәтижесінде ҚазҰУ командасы Пәкістанда өтетін финалдық кезеңге гранттық жолдама алды.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар


