Университетаралық байланыстарды дамыту

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Еуразия-Тынық мұхиты аймағы халықаралық университеттер желісіне мүше оқу орындарының аймақтық кездесуі өтті.
Ауқымды іс-шараға Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев, EPU президенті, Австрия ғылым академиясының академигі, Зальцбург университетінің профессоры Йозеф Штробль, сондай-ақ шетелдік және отандық ғалымдар мен сарапшылар қатысты.
Іс-шараны ашқан Жансейіт Түймебаев қатысушыларды құттықтап, халықаралық ғылыми ынтымақтастықты дамытуға қосқан үлестері мен белсенді серіктестігі үшін тұрақты серіктестер мен сарапшыларға алғыс білдірді.
ҚазҰУ Eurasia-Pacific UNINET желісіне қосылған сәттен бастап гранттық жобаларға, халықаралық воркшоптар және академиялық ұтқырлық бағдарламаларына белсенді қатысуда.
Eurasia-Pacific UNINET қолдауының арқасында ҚазҰУ оқытушылары мен студенттері Зальцбург университетінде, Венгрия, Қырғызстан және Тәжікстан елдерінде тағылымдамадан өтті. Сонымен қатар «Қоршаған ортаны геокеңістіктік басқару» (GEM) секілді бірқатар бірлескен жобалар табысты жүзеге асырылып отыр. Осы жобалар аясында жаңа білім беру бағдарламалары ашылып, трансұлттық тренингтер өткізілді.
Пленарлық отырыс барысында ғылыми ынтымақтастықты дамыту және академиялық байланысты кеңейту мәселелеріне арналған баяндамалар тыңдалды.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар


