Түлектер күніне арналған құттықтау сөзіFarabi University

Түлектер күніне арналған құттықтау сөзі

30 мая, 2025

Құрметті түлектер,

университетіміздің қадірлі қонақтары!

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне қош келдіңіздер!

Бұл күн – жүрекке жылу сыйлайтын, өткенді еске түсіретін, жастықтың жалынды сәттеріне оралтатын ерекше күн.

Бүгін түлектеріміз ұстаздарымен, достарымен қауышып, студенттік шақтарын еске алуда.

200 мыңнан аса түлек даярлаған университетіміз былтыр Жаңа жыл қарсаңында 90 жылдық мерейтойын атап өтті.

Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрында өткен салтанатты жиында Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин Президент құттықтауын жеткізді.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өз құттықтауында «Қасиетті қара шаңырақ ғасырға жуық уақыт ішінде іргелі білім ордасына айналды» деп жоғары бағасын берді.

«Оқу орнында халқымыздың біртуар перзенттері, әйгілі академиктер дәріс оқыды» деп атап өтті.

Сондай-ақ «Университеттің мыңдаған түлегі ел игілігіне қызмет етіп, Қазақстанды дамытуға өз үлесін қосты.

Олардың арасында көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерлері, белгілі ғалымдар, өнер өкілдері, жазушылар мен журналистер аз емес», – деп танымал түлектер үлесіне арнайы тоқталды.

Шындығында, білім ордасында әр кезеңдерде Мұхтар Әуезов, Қаныш Сәтбаев, Әлкей Марғұлан, Зейнолла Қабдолов,  Алтай Аманжолов, Яхия Әубәкіров, Мәулен Балақаев, Әбілфайыз Ыдырысов сынды академик-профессорлар дәріс оқыды.   

Танымал түлектеріміз әр саланы түлетіп, өз алдына ғылыми және шығармашылық мектептерін қалыптастырды.        

Ақын-жазушылар Олжас Сүлейменов, Әбіш Кекілбаев, Кемел Тоқаев, Қадыр Мырза Әлі, Тұманбай Молдағалиев, Әзілхан Нұршайықов, Сағат Әшімбаев, Мырзатай Жолдасбековтер әдебиет саласын әлемдік биікке көтерді. 

Филология ғылымында Зейнолла Қабдолов, Әбдуәли Қайдар, Тұрсынбек Кәкішев, Алма Қыраубаева, Шора Сарыбаев, Мүсілім Базарбаев, Шериаздан Елеукенов, Рымғали Нұрғали, Бейсенбай Кенжебаевтардың есімдері ерекше аталады.

Қазақ журналистикасын Темірбек Қожакеев, Тауман Амандосов, Қалижан Бекхожин, Марат Барманқұлов жаңа белеске шығарды.

Тарих ғылымында Манаш Қозыбаев, Уахит Шәлекенов, Жарас Ибрашев, Кеңес Нұрпейісов, Кемел Ақышев, Оразақ Смағұловтың аты аңызға айналды.  

Философия ғылымында Ағын Қасымжанов,   Жабайхан Әбділдин, химия саласында Батырбек Бірімжанов, физика-математика ғылымында Мейірхан Әбділдин, Құлжабай Қасымовтар өзіндік дара жолын салды.

Сұлтан Сартаев, Юрий Басин, Салық Зиманов отандық заң-құқық ғылымының негізін қалап, мектебін қалыптастырды.

         

Құрметті жиынға қатысушылар!

Еліміз тәуелсіздік алған алғашқы жылдары мемлекеттік қызметке ҚазҰУ түлектері мен оқытушылары жаппай шақырылды.

ҚазҰУ түлектері арасынан:

1 – вице-президент,

3 – премьер-министр

7 – Парламент палатасының төрағасы

7 – Мемлекеттік хатшы, (1 Мемлекеттік кеңесші)

5 – Президент Әкімшілігінің жетекшісі

6 – Жоғарғы сот төрағасы

8 – бас прокурор

57 – министр

14 – облыс және республикалық маңызы бар қала әкімдері

4 – Жазушылар одағы басқармасының төрағасы

24 – бас редактор.

Оның ішінде 12 – «Егемен Қазақстан» газетінің,

9 – «Казахстанская правда» газетінің бас редакторы

41 – төтенше және өкілетті елші

64 – жоғары оқу орнының ректоры

80 – академик,

130 – Мемлекеттік сыйлықтың иегері шыққанын мақтанышпен айта аламыз.

Қазіргі таңда жауапты қызмет атқарып жүрген ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев,

Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Ғизат Нұрдәулетов, Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин,

Президент көмекшісі Ержан Қазыхан, Президент кеңесшілері Бауыржан Омаров, Мәлік Отарбаев,

Қазақстан премьер-министрінің орынбасары және сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу,

Парламент Сенатының депутаттары Нұртөре Жүсіп, Бибігүл Жексенбай,  Мәжіліс депутаты  Жанарбек Әшімжан

және басқа тұлғалар осы қара шаңырақтан түлеп ұшты. 

Бүгін арамызға:

Сәт Бесімбайұлы Тоқпақбаев, мемлекет және қоғам қайраткері, генерал-полковник (1963 жылы бітірген);

Исабаев Бейбіт Өксікбайұлы, Жетісу облысының әкімі келіп отыр (40 жыл).

Азамат Бескемпірұлы Қалдыбеков, Алматы қаласы әкімінің орынбасары,  халықаралық қатынастар факультетінің 2008 жылғы түлегі.

Сондай-ақ:

Сауытбек Абдрахманов, журналист, жазушы, аудармашы, ғалым, мемлекет және қоғам қайраткері (45 жыл).

Бауыржан Өміржанұлы Жақып,       «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы, ақын (40 жыл).

Ерлан Қалижанұлы Бекхожин, журналист, продюсер, медиа менеджер (40 жыл).

Өмірәлі Шакарапұлы Жалаири, Д.А.Қонаев атындағы Көлік және құқық гуманитарық университетінің ректоры (45 жыл).

Қали Сәрсенбай, жазушы-журналист,  ортамызда.

ҚазҰУ Түлектері қауымдастығын Парламент Сенатының, Жоғарғы соттың, Конституциялық Кеңестің төрағасы, бас прокурор қызметтерін атқарған Қайрат Әбдіразақұлы Мәми басқарады.

Қауымдастық оқу орны мен түлектер арасындағы тығыз байланыстарды үйлестіреді.

Университет түлектері қай салада жүрсе де, қара шаңырақпен байланысын үзбей, жастармен кездесіп, өз тәжірибесімен бөлісіп келеді.

Әр факультет түлектері бірігіп және жекелей демеушілік жасап, университетімізге үнемі қолдау көрсетіп келеді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев

Қазақстан халқына жолдауында «Жоғары оқу орындары жанындағы эндаумент-қорлар білім берудің экожүйесін дамытудың негізгі буынына айналуға тиіс» деп атап өткен болатын.

Биылғы Түлектер күніне орай, химия және химиялық технология факультетінің түлегі, «ALEMTRADE» ЖШС директоры Серікжан Қазақбаев өзі оқыған факультетте 200 миллион теңге болатын жабдықтарда жұмыс істеуді үйретуге және көрсетуге арналған зертхана-шоурум ашты.

Физика-техникалық факультетінің әр жылдары бітірген түлектері де қомақты тартумен келіп отыр.

Факультет аудиторияларын жабдықтау үшін 40 млн-ға жуық (37 млн 100) қаражат аударып, жомарт түлектердің алдыңғы көшінен табылды.

Соның ішінде 2012 жылғы түлектер  – 12 000 000 теңгеге;

Жылуфизика және техникалық физика кафедрасының түлектері – 9 200 000 теңгеге зертханаларды жабдықтады.

Заң факультетін 2000 жылы бітірген түлектер 90 орындық дәріс залын жабдықтауға 15 миллион теңге,

1982 жылғы түлек Бақытбек Бегалиев  әкесі Қалауша Бегалиев атындағы аудиторияны жабдықтауға 12 миллион теңге көлемінде қаржы бөлді.

География және туризм кафедрасының 20 жылдық түлегі Нұржан Алагөзов оқу аудиториясына  10 миллион теңге бөліп, күрделі жөндеуден өткізді.

Ал Тұрақты даму бойынша ЮНЕСКО кафедрасының 25 жылдық түлектері  LED экран сыйға тартты.

Механика-математика факультетінің 1980 жылы бітірген түлектері – LED экран,

 Экономика және бизнес жоғары мектебінің 2014 жылғы түлегі Сыдықова Айдана Дәуренқызы №16 студенттер үйінің 2-6 қабатындағы асхананы асүй жиһазы және тұрмыстық техникамен толық жабдықтап отыр.

Журналистика        факультетін   1985 жылы бітірген түлектер 5 млн теңгеге LED экран орнатса, қыркүйек айында 20 жылдық түлектер 5 жатақханаға заманауи асүй жиһазын тарту етті.

1995, 2005, 2010 жылы бітірген түлектер – БАҚ логотиптері орнатылған стенд (1 400 000 теңге) сыйлап отыр.

Өздері білім алған аудитория мен зертханаларды заманауи жабдықтауға демеушілік жасаған әр жылғы түлектерімізге алғыс білдіреміз.

Осының барлығы біздің білім алушы жастарымыз үшін жасалып жатқан игі бастамалар.

Бүгінгі күні университет QS әлемдік рейтингінде 163-орында, Азияда 29-орын, Орталық Азияда 1-орында.

Қазіргі таңда университеттің 16 факультетінде 27 мыңнан астам студент оқиды.

Оның ішінде 4291 шетелдік студент 50-ден аса елден келіп білім алуда.

2445 оқытушы-профессор табысты еңбек етуде.

Оның ішінде Ұлт­тық ғылым академиясының 11 ака­­де­мигі, 7 корреспондент-мүшесі, Жоға­ры­ мектеп ғылым академиясының 11 ака­демигі бар.

Сондай-ақ 650 ғылым докторы, 736 ғылым кандидаты, 602 PhD жұмыс істейді.

Ыстамбұл (Түркия), Бішкек (Қырғызстан), Омбы (Ресей) қалаларында ҚазҰУ филалдары жұмыс істейді.

Қазіргі уақытта ҚазҰУ-дың ІІ даму жоспары аясында әрқайсысы 677 орынға арналған 6 жатақхананың құрылысы жүруде.

Сонымен қатар әрқайсысы 1070 орынға арналған жетіқабатты үш оқу корпусының құрылысы басталды.

Өткен жылы өздеріңіз куә болып отырған ҚазҰУ стадионына күрделі жөндеу жүргізіліп, пайдалануға берілді.

Өмірбек Жолдасбеков атындағы Студенттер сарайына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде.

ҚазҰУ базасында тек бір жылдың ішінде 30-ға жуық зертхана ашылып, ғалымдар игілігіне берілді.

Атап айтқанда Суперком­пьютер кластері, Робототехника және мехатроника бойынша ком­петенция орталығы,

Farabi Hub ин­но­вациялық өнімдер мен жо­ғары технологиялық жобалар орта­­л­ығы, «Қашықтықтан зондтау технологиясы және қолдану» зерт­ханасы,

«Тұрақты даму және табиғатты ұтымды пайдалану» ғылыми орталығы, Орталық Азия­дағы тұрақты даму орталығы,

 Fa­rabi chem science кластері, Chemical Coatings Innovations химиялық ғылыми-өндірістік орталығы бой көтерді. 

Биыл университетімізді 6573 түлек тамамдайды, оның ішінде 5410 – бакалавр, 1163 – магистрант.

Бұл – ел болашағын өркендететін, жаңа Қазақстанды қалыптастыратын ҚазҰУ-дың жаңа толқыны.

Бүгін университетке осыдан 50, 45, 40, 35, 30, 25, 20, 15, 10, 5 жыл бұрын бітірген түлектеріміз келіп отыр.

Сіздерге осы іс-шараға арнайы уақыт бөліп келгендеріңіз үшін шын жүректен алғысымды білдіремін.

 

Құрметті түлектер!

ҚазҰУ түлегі деген – тек кәсіби диплом ғана емес, бұл –үлкен мәртебе, өмірлік жауапкершілік.

Сіздер университеттен  тек білім ғана емес, рухани құндылықтарды, адамгершілік пен ұлтқа деген жанашырлықты алып шықтыңыздар.

Қай салада жүрсеңіздер де, еліміздің игілігі үшін адал қызмет атқаратындарыңызға сенімдімін.

Университет есігі сіздер үшін әрдайым ашық.

Түлектер күні құтты болсын!

Биыл бітіретін түлектерге ақ жол тілеймін!