ҚазҰУ-да Түлектер күні өттіFarabi University

ҚазҰУ-да Түлектер күні өтті

30 мамыр, 2025

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің әр жылдары бітірген түлектері 300 млн теңгеге жуық қаражат жинап, факультет аудиториялары мен жатақхана асханаларын жаңғыртуға демеушілік танытты.

Дәстүрлі Түлектер күнінде оқу орнының басшысы Жансейіт Түймебаев университет дамуына сүбелі үлес қосып, белсенділік танытқан азаматтарға ризашылығын жеткізді.

Өз сөзінде Жансейіт Қансейітұлы: «Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қазақстан халқына жолдауында: «Жоғары оқу орындары жанындағы эндаумент-қорлар білім берудің экожүйесін дамытудың негізгі буынына айналуға тиіс», – деп атап өткен болатын. Өздері білім алған аудитория мен зертханаларды заманауи жабдықтауға демеушілік жасаған әр жылғы түлектерімізге алғыс білдіреміз.    Осының барлығы біздің білім алушы жастарымыз үшін жасалып жатқан игі бастамалар», – деп атап өтті.

Сондай-ақ химия және химиялық технология факультетінің зертханасына 200 миллион теңгенің жабдығын тарту еткен «ALEMTRADE» ЖШС директоры Серікжан Қазақбаевтың, физика-техникалық факультетінің аудиторияларын 40 млн теңгенің техникалық құрылғыларымен жасақтаған әр жылдары бітірген түлектердің жомарттығына айрықша тоқталды. Заң факультетінің 90 орындық дәріс залын күрделі жөндеуден өткізу үшін 15 миллион теңге бөлген 2000 жылы бітірген түлектерге, Қалауша Бегалиев атындағы аудиторияны 12 миллион теңгеге қаржыландырған 1982 жылғы түлек Бақытбек Бегалиевтің де үлесі атап өтілді.

Оқу аудиториясына 10 миллион теңгеге жөндеу жұмыстарын жүргізген   География және туризм кафедрасының 20 жылдық түлегі Нұржан Алагөзовтің, №16 студенттер үйінің 2-6 қабатындағы асхананы асүй жиһазы және тұрмыстық техникамен қамтамасыз еткен Экономика және бизнес жоғары мектебінің 2014 жылғы түлегі Айдана Сыдықованың да демеушілігіне ризашылық танытты.

Соңынан университеттің дамуына елеулі үлес қосқан түлектерге «Farabi» алтын медалі, «Ерен еңбегі үшін» медалі және Алғысхаттар тапсырды.

Естеріңізге сала кетсек, ҚазҰУ-да өткен Түлектер күніне мемлекет және қоғам қайраткерлері, ақын-жазушылар, дипломаттар, республикалық газет-журналдардың бас редакторлары, белгілі ғалымдар мен профессорлар қатысты.

Биыл Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ды 6573 түлек бітіріп отыр. Оның ішінде – 5410 бакалавр, 1163 магистрант.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі