ҚазҰУ-да талапкерлердің құжатын қабылдау басталдыFarabi University

ҚазҰУ-да талапкерлердің құжатын қабылдау басталды

2 маусым, 2025

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде 2025-2026 оқу жылына талапкерлерден құжаттарды қабылдау ресми түрде басталды.

Іс-шараға ҚазҰУ-дың Басқарма мүшесі – ғылыми-инновациялық қызмет жөніндегі проректордың м.а. Марғұлан Ибраимов қабылдау комиссиясы жұмысының маңыздылығын атап өтті.

 «Бүгін біз қабылдау комиссиясының жұмысын ресми түрде бастадық. Университетіміздің «Керемет» студенттерге қызмет көрсету орталығында талапкерлер мен олардың ата-аналары үшін барлық қолайлы жағдайлар жасалған. Құжаттарды қабылдау процесін сапалы әрі тиімді жүзеге асыру үшін комиссия мүшелері толық дайын. Түлектердің басым бөлігі ҚазҰУ-ды таңдайтынына сенімдімін. Барша комиссия мүшелеріне сәттілік тілеймін», – деді проректор.

Айта кетейік, биыл елімізде орта мектепті 217 мыңға жуық түлек бітіруде, бұл өткен жылмен салыстырғанда 30 мыңға көп. Сонымен қатар былтыр бітірген мектеп және колледж түлектері тарапынан да жоғары оқу орындарына түсушілер саны артатыны күтілуде.

Биыл қабылдау кезеңінде айтарлықтай өзгерістер болмағанымен, білім беру бағдарламаларының құрылымы жаңа бағыттармен толықтырылды. Атап айтсақ, бакалавриат деңгейінде «Музей ісі және ескерткіштерді қорғау», магистратура бойынша  «Геология», «Қоғаммен байланыс», «Полиграфия» бағыттары енгізілді. Бұған қосымша ҚазҰУ базасындағы Ресейдің МИФИ және Қытайдың Солтүстік-батыс политехникалық университетінің филиалы талапкерлер қабылдайды. 2024 жылы СБПУ филиалы тек магистратура бағыты бойынша талапкерлер қабылдаған болса, биыл алғаш рет бакалавриат пен докторантура бойынша қабылдау жүргізіледі.

Қабылдау комиссиясы күн сайын 09:00-ден 18:00-ге дейін, сенбі күні 09:00-ден 14:00-ге дейін жұмыс істейді. Комиссия құрамында факультет мамандары, тәжірибелі оқытушылар мен декан орынбасарлары бар. Олар талапкерлерге бакалавриат, магистратура, докторантура бағдарламалары бойынша кәсіби кеңес береді.

Құжаттарды қабылдау ҚазҰУ кампусында орналасқан «Керемет» студенттерге қызмет көрсету орталығында, Әл-Фараби даңғылы, 71/21 мекенжайында жүзеге асырылады.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі