ҚазҰУ-да Global HackAtom жарысы өтудеFarabi University

ҚазҰУ-да Global HackAtom жарысы өтуде

5 маусым, 2025

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ жанындағы МИФИ ҰЯЗУ Алматы филиалында Global HackAtom халықаралық студенттік жарысының ұлттық кезеңі басталды.

Зияткерлік сайыс ҚазҰУ-дың Farabi Hub инновациялық өнімдер мен жоғары технологиялық жобалар орталығында өтуде. Интеллектуалдық жарысқа Astana IT University, EKTU, IITU, Satbayev University, KBTU, METU және Almaty Government Polytechnical College сияқты оқу орындары студенттерінің командалары қатысуда. Жарыстың мақсаты – ядролық технологиялар саласындағы практикалық шешімдерді табу.

Салтанатты шараның ашылуында ҚазҰУ-дың технологияларды коммерцияландыру және креативтік салалар орталығының директоры Гаухар Алмас және МИФИ ҰЯЗУ Алматы филиалының жетекшісі Асқар Дәулетов құттықтау сөз сөйледі.

Ядролық физика және технологиялар саласындағы жетекші сарапшылар мен мамандар қатысушыларға дәріс оқып, өз тәжірибелерімен бөлісті. МИФИ ҰЯЗУ Обнинск атом энергетикасы институты ядролық физика және технологиялар бөлімінің профессоры Алла Удалова ядролық инфрақұрылым туралы кіріспе дәріс оқыды. Сол бөлімнің доценті Роман Фомин ядролық инженерияның негіздері жайлы, ал Физика-техникалық институтындағы Жоғары энергиялар физикасы зертханасының меңгерушісі Анастасия Федосимова қосымша кеңес өткізді.

Спикерлер қазақстандық студенттердің халықаралық жобаларға қатысуы ғылыми байланыстарды нығайтуға және ядролық технологиялар, инженерия және цифрлық шешімдер саласындағы жас мамандардың құзыреттілігін арттыра түсетінін атап өтті. Биыл Global HackAtom жобасына тоғыз елдің студенттері қатысуда. Жарыс серіктес елдердегі іріктеу кезеңдерін және қыркүйек айында Мәскеуде өтетін World Atomic Week (WAW) аясындағы гранд-финалды қамтиды. Іс-шара Ресейдің атом саласына 80 жыл толуына арналған.

Жарыс барысында қатысушылар дәрістер тыңдап, топтық жобалармен жұмыс істеді және сарапшыларға сұрақ қойып, модераторлардан кеңес алды. Екінші күні «Компонента Связности» (MEPhI Алматы филиалы), «Nuclear Quintet» (МИФИ Алматы филиалы), «CyberAtom» (Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ), «MCSquad» (Astana IT University), «Atomic Heart» (ШҚТУ), «Spark Studio» (IITU), «KazSaq» (Алматы мемлекеттік политехникалық колледжі), «Nuclear scientists» (Satbayev University), «Omega 4» (KBTU+IITU), «Maine coon» (METU), «Hack’n’Roll» (Amjilt) және «Неискусственные интеллекты» (KBTU) командалары өз жобаларын ұсынып, қорғайтын болады.

6 маусымда 4-5 студенттен құралған командалар өз жобаларын ағылшын тілінде таныстырады. Қорытындысында Қазақстанның атынан Ресейде өтетін халықаралық финалға қатысатын және Қазақстанның намысын қорғайтын жеңімпаз команда анықталады.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі