Ясауи мұрасы сараландыFarabi University

Ясауи мұрасы сараланды

5 маусым, 2025

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Түркі әлемі және Түркістан пірі: Ясауи жолы және мирасы» атты халықаралық семинар өтті. Жиынға Түркия жоғары оқу орындары мен ҚазҰУ-дың түркітанушы ғалымдары қатысып, пікір алмасты.

Семинарды ашқан Ректор аппаратының басшысы Сәкен Уайханұлы түркі әлемі мұрасын зерттеудің қазіргі таңдағы маңызын атап өтіп, қонақтарға «Қазақ университеті» баспа үйінен жарық көрген басылымдарды сыйға тартты.

Өз кезегінде Анкара Хажы Байрам Вели университетінің проректоры, профессор Орбай Метин ерекше қонақжайлығы үшін ҚазҰУ ұжымына алғыс білдірді. Ғалым ҚазҰУ-ды Орталық Азия кіндігіндегі іргелі университет ретінде атап өтіп, түркі халықтары арасындағы ынтымақтастықты арттыру мәселесіне тоқталды. Ортақ ғылыми, мәдени жұмыстарды жандандырудағы қазақстандық ғалымдардың үлесін жоғары бағалады.

Кездесуде ҚазҰУ-дың Түркітану және тіл теориясы кафедрасының меңгерушісі, профессор Раушангүл Авакова түркітану зерттеулеріндегі ортағасырлық мұралардың алатын орны жайлы айтты. Ғалым ҚазҰУ-да орта ғасырға тән сирек қолжазбалар қоры бар екенін жеткізіп, оны бірігіп кеңінен зерттеуге шақырды. Осы бағытта бірнеше бакалавриат және магистратура деңгейінде зерттеу басталғанын тілге тиек етті.

Сондай-ақ семинарда «Ахмет Ясауи және оның Қазақстанға әсері», «Көшпелілер мәдениетінде Қ.А.Ясауидің рөлі», «Қолжазбалардың оқылуы және Қ.А.Ясауи мұрасының маңызы», «Қ.А.Ясауи мұраларының сақталу, оқылу аударылу мәселелері» тақырыптарында баяндамалар тыңдалды.

Түркі мұрасына қатысты ғалымдар пікірі дөңгелек үстел басында жалғасып, Ясауи зерттеулерінің өткені, бүгіні, болашағы мәселесіне ұласты. Сонымен қатар қонақтар кездесу соңында Түркітану және алтайтану ғылыми-зерттеу институтына экскурсия жасап, сирек қолжазбалар қорымен танысты.

ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі