ҚазҰУ ұжымы дипломат Берлин Иришевпен кездесті

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде мемлекет және қоғам қайраткері, дипломат, экономика ғылымының докторы, ҚазҰУ-дың құрметті профессоры Берлин Иришев оқытушылар және студент жастармен кездесті.
Шараны оқу орнының Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев ашып, белгілі тұлғаның ел дамуы жолындағы еңбегіне тоқталды. «Берлин Кенжетайұлы тәуелсіздік алған алғашқы жылдардан еліміздің халықаралық аренада танылуына зор үлес қосты. Экономиканың әр саласындағы реформалардың сәтті жүзеге асуына ықпал етті. Экономика ғылымының докторы ретінде бірқатар ғылыми еңбектер жазды. Отандық ғылымның дамуына жол ашып, жас ұрпаққа бағыт-бағдар берді. Дипломатиялық қызметте де еліміздің сыртқы саясатын қалыптастыруда, шетелдермен өзара тиімді қарым-қатынас орнатуда үлкен еңбек сіңірді», – деп атап өтті университет басшысы. Сонымен қатар Берлин Кенжетайұлының қазақтың көрнекті тұлғаларын ғылыми тұрғыда зерттеуге ерекше көңіл бөлгенін айтып, оның бойындағы білімділік пен отансүйгіштікті жастарға үлгі етті.
Қадірменді қонақ өз кезегінде университет ұжымына ыстық ықыласын жеткізді. «ҚазҰУ ұжымымен осымен үшінші рет кездесіп отырмыз. Осы қысқа уақыт аралығында университетте өте үлкен өзгерістер болып жатыр. ҚазҰУ-дың ғылым, техника саласында Қытаймен бірлескен жобалары мен орталықтарын көрдім. Мұндай серіктестік болашақта үлкен мүмкіндіктерге жол ашары анық», – деді дипломат.
Берлин Кенжетайұлы кездесу барысында экономикадағы саясат мәселелеріне кеңінен шолу жасап, өз тәжірибесінен мысалдар келтірді. Ақшаны тиімді ұстаудың ел өміріндегі өзектілігін ашып көрсетіп, осы мақсатта жарық көрген туындыларымен таныстырды.
Сондай-ақ автор атақты француз киім модельері Кристиан Диордың музасына айналған қазақ қызы Алла Елшіннің өмір жолын зерттеді. Оның тек сән саласында ғана емес, мәдениетаралық байланысты нығайтудағы орнын айқындауға тырысты. «Алла – Диордың шығыс маржаны» деректі фильмін көпшілікке ұсынды. Ғалым кездесуде зерттеу барысынан мол мағлұмат беріп, туындының қазақ мәдениетін Еуропаға танытудағы рөлін ерекше атап өтті.
Кездесу соңында ҚазҰУ ұжымы Қазақстанның әлемдік қауымдастықтағы орнының нығаюына жан-жақты үлес қосқан тұлғаға зор қошемет білдірді.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар


