Өзара ынтымақтастықтың жаңа бағыты

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Инновациялық-индустриялық даму альянсы (AIID) өкілдерімен кездесу өтті. Онда ҚазҰУ мен AIID арасындағы ғылыми зерттеулер мен индустриялық инновациялар саласындағы ықпалдастық бағыттары талқыланды.
Басқосуды оқу орнының Басқарма мүшесі – ғылыми-инновациялық қызмет жөніндегі проректоры міндетін атқарушы Марғұлан Ибраимов ашты. Ол ҚазҰУ-дың ғылыми әлеуетіне кеңінен тоқталып, жобаларды коммерцияландыруға және оларды нақты өндіріс саласына енгізуге ерекше көңіл бөлінетінін жеткізді. «Біздің басты қағидаттарымыз – ашықтық, айқындық және тұрақтылық. Біз бірлескен білім беру бағдарламаларын, ғылыми жобаларды дамытуға, тәжірибе және білім алмасуға әрдайым дайынбыз», – деді Марғұлан Қасенұлы.
AIID президенті Елена Ли өз кезегінде ғылым мен өндіріс арасындағы байланысты нығайтудың маңыздылығына назар аударып, болашақ әріптестіктің басым бағыттарын тілге тиек етті.
Сонымен қатар кездесуде AIID директоры Сәуле Қожабекова сөз алып, Инновациялық-индустриялық даму альянсының қызмет бағыттары жайлы баяндады. Ол альянстың негізгі жобалары мен университетпен ықпалдастықтың мүмкіндіктерін саралады.
Екіжақты ой бөлісу мен талқылаулардан кейін ҚазҰУ мен AIID арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Қатысушылар бұл құжат жемісті ғылыми-инновациялық байланыстың бастауы екенін атап өтті.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар


