Ректор ТМД-ға мүше мемлекеттердің форумына қатысты

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев ТМД мемлекеттерінің шығармашылық және ғылыми зиялыларының XVIII форумына қатысты.
Биылғы жиын «Тәуелсіз мемлекеттер достастығы: гуманитарлық ынтымақтастықтың жаңа көкжиектері» тақырыбына арналды.
Дәстүрлі түрде өтетін шара ТМД кеңістігіндегі ең ірі гуманитарлық алаңдардың бірі. Аталмыш форум мәдениет, білім беру, ғылым, архив ісі, ақпарат және бұқаралық коммуникациялар, спорт, туризм және жастармен жұмыс істеу салаларындағы бірлескен жұмысты ұйымдастыруда маңызды рөл атқарады.
Халықаралық іс-шараға ТМД-ға мүше мемлекеттердегі Мәдениет министрлігінің басшылары, ЖОО ректорлары, зиялы қауым өкілдері, сарапшылар, белгілі ғалымдар, ақын-жазушылар, өнер саласының майталмандары жиналды.
Екікүндік форум аясында панельдік сессиялар мен пікірталас алаңдары ұйымдастырылды. Онда ТМД халықтарының Ұлы Жеңіске қосқан үлесі, мәдениеттегі дәстүр мен инновация, ғылым мен білімдегі заманауи үрдістер, сондай-ақ ТМД кеңістігінде бірыңғай ақпараттық орта қалыптастыруда БАҚ-тың рөлі секілді мәселелер талқыланды.
Айта кетейік, ТМД-ға мүше мемлекеттердің шығармашылық және ғылыми зиялы қауымы форумы 2006 жылдан бері ТМД елдері астаналарында өткізіліп келеді. Оның жұмысын ТМД-ға мүше мемлекеттердің гуманитарлық ынтымақтастық жөніндегі кеңесі үйлестіреді.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар


