Академик Еділхан Әмірғалиев атындағы конференц-зал ашылдыFarabi University

Академик Еділхан Әмірғалиев атындағы конференц-зал ашылды

13 маусым, 2025

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Қолданбалы ғылым мен білім берудегі жасанды интеллект және робототехника» тақырыбында I форум өтті. Шара аясында көрнекті ғалым, ҚР Ұлттық ғылым академиясы мен Ұлттық инженерлік академиясының академигі Еділхан Әмірғалиев атындағы конференц-зал ашылды.

Шараны ҚазҰУ Басқарма Төрағасының орынбасары – бірінші проректор Еркін Дүйсенов құттықтау сөзбен ашты. Сонымен қатар басқосуда ҚР ҰҒА академигі,  ҚР ҰИА вице-президенті Амандық Төлешов, Ақпараттық және есептеуіш технологиялар институтының бас директоры Мақтағали Бектемесов, ҚР ҰҒА академигі Рустам Мұсабаев және өзге де қонақтар, ғалымның әріптестері, шәкірттері мен туыстары сөз алып, оның адамгершілігі, біліктілігі мен ғылыми мұрасы, интеллектуалды ақпараттық технологиялар бойынша қазақ ғылыми мектебінің қалыптасуына қосқан үлесі жайлы сыр шертті.

Жиынға қатысушылар Еділхан Нәсіпханұлы қолданбалы математика, зияткерлік ақпараттық технологиялар, математикалық модельдеу және бейнелерді тану жүйелері салаларында отандық ғылыми мектептің танымал өкілі болғанын жеткізді. Қырық жылдан астам кәсіби қызметінде профессор ғылыми-педагогикалық және ұйымдастырушылық қызметті шебер ұштастырып, көптеген жас ғалымдарға тәлімгер болды. Ол 500-ден астам ғылыми еңбек, оның ішінде 11 монография, 8 патент, оқулықтар мен оқу-әдістемелік құралдар жариялаған. Профессор  көптеген салалық марапаттар мен атақтардың иегері екенін атап өтті.

Аудиторияның ашылуына орай, М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің ректоры Дархан Ахмед-Зәки, Нархоз университетінің президенті Қанат Қожахмет, Қ.И.Сәтбаев атындағы Ұлттық техникалық зерттеу университеті ректорлар кеңесінің құрметті мүшесі, профессор, генерал-лейтенант Әділ Шаяхметов өз құттықтауларын жолдады.

Академик Еділхан Әмірғалиев атындағы заманауи жабдықталған конференц-зал ақпараттық технологиялар мен пәнаралық ынтымақтастықты дамытуға бағытталған ғылыми форумдар, семинарлар, дәрістер және басқа да іс-шараларды өткізу алаңы болмақ.

Сондай-ақ форум  барысында  тақырыптық баяндамалар жасалып, робототехникадағы жасанды интеллектіні қолдану мәселелері көтерілді. Ғылым мен білім беру салаларындағы инновациялық шешімдер кеңінен талқыланды. 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі