Орталық Азия мен Қытай академиктері ҚазҰУ-дың ғылыми жобаларымен таныстыFarabi University

Орталық Азия мен Қытай академиктері ҚазҰУ-дың ғылыми жобаларымен танысты

13 маусым, 2025

«Орталық Азия – Қытай»  ІІ саммиті аясында өтетін ІІ халықаралық академиктер форумы қатысушыларына арнайы тур ұйымдастырылды. 

Орталық Азия елдері және Қытайдан келген академиктер тобы алдымен ҚазҰУ ректоратында болып, университет тарихымен танысты. Мұражайда шетелдіктер назарына қалашықтың әр жылдардағы даму барысы ұсынылды.

Кейін құрметті қонақтар оқу ордасының 90 жылдығы аясында іске қосылған «Farabi Hub» инновациялық өнімдер мен жоғары технологиялық жобалар орталығын, Өндірістік робототехника орталығын, Суперкомпьютер кластерін аралап көрді.

Сонымен қатар ҚазҰУ ғалымдары жүргізіп жатқан ғылыми-инновациялық жобалардың нәтижелері туралы ақпарат алды. Меймандар жоғары оқу орны зерттеушілерінің ғылыми әзірлемелеріне қызығушылық таныта келе, өз пікірлерімен бөлісті.

Сапар барысында форум қатысушылары қазақ-қытай бірлескен Жерді қашықтықтан зондтау орталығында болды. Мұнда Орталық Азия өңіріндегі климаттың өзгеруі салдарынан орын алып жатқан табиғи құбылыстарды зерттеу бағытындағы жұмыстардың барысымен танысты.

Айта кетейік, ҚазҰУ базасында өтетін ІІ халықаралық академиктер форумы «Орталық Азия – Қытай» мемлекет басшыларының ІІ саммиті аясында ұйымдастырылып отыр. Ауқымды шараны Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ және ҚР Президенті жанындағы ҚР Ұлттық ғылым академиясы, сондай-ақ Сиань Цзяотун университеті бірлесіп жүзеге асыруда.

Форум отырысы ертең Фараби кітапханасында басталады.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі