«Қытай – Орталық Азия» саммиті: ҚазҰУ-да спутниктік станция салу келісілді

Астанада «Қытай – Орталық Азия» екінші саммиті аясында «Орталық Азия – Қытай» ІІ индустриялық-инвестициялық ынтымақтастық форумы өтті.
Халықаралық іс-шарада Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Солтүстік-батыс политехникалық университетімен және Хайнань спутниктік деректерді зерттеу және пайдалану орталығымен серіктестік туралы меморандумға қол қойды.
Үшжақты келісім аясында Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да ағымдағы жылдың соңына дейін Жер спутниктік станциясы құрылады. Ғылыми орталық Қазақстан мен Орталық Азия өңірінде үшжақты ынтымақтастық нәтижесінде алынған спутниктік деректерді алмасуға, талдауға, терең зерттеулер жүргізуге мол мүмкіндік береді.
Жер спутниктік станциясын жүзеге асыру үшін қытайлық әріптестер 3 млн доллар қаражат бөледі. Аталған қаражатқа қажетті құрал-жабдықтар, аппараттар сатып алынып, түрлі серверлер іске қосылады.
Орталық Қытайдың қашықтықтан зондтау деректерінің бай ресурстарын пайдалана отырып, тұрақтылықты қамтамасыз етуде, ауыл шаруашылығын дамытуда, табиғи ресурстарды басқаруда, ШЫҰ аймағындағы экологиялық зардаптар мен өзара байланысты жақсартуда қолдау көрсететін болады.
Келісім шеңберінде Хайнань спутниктік деректерді зерттеу және пайдалану орталығы өз тарапынан ReSDAC аппараттық жабдықтармен, пилоттық қосымшаларды әзірлеумен, жүйелік бағдарламалармен қамтамасыз етеді. Ал Солтүстік-батыс политехникалық университеті Жер спутниктік станциясының жұмысын жүзеге асыру, ұлттық спутниктік деректер мен басқа бағдарламалардың қолданылуын анықтау және орындаумен айналысады. ҚазҰУ өз кезегінде орталықтың орналасуына арнайы алаң ұсынады. Сонымен қатар білікті кадрларды даярлау, станцияны орнату және пайдалану үшін қажетті көмек көрсететін болады.
Айта кетейік, ҚазҰУ Қытайдың Солтүстік-батыс политехникалық университетімен бірлесіп 2026 жылы ғарышқа микроспутник ұшыруды жоспарлап отыр.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі