ҚазҰУ инженерлік бағытта Қытаймен серіктестікті нығайтадыFarabi University

ҚазҰУ инженерлік бағытта Қытаймен серіктестікті нығайтады

16 маусым, 2025

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев «Бір белдеу – бір жол» ІІ ғылыми-технологиялық пікір алмасу конференциясының ашылу салтанатына қатысты. Сондай-ақ «Бір белдеу – бір жол» инженерлік әлеуетті нығайту жөніндегі форумда сөз сөйледі.

Халықаралық іс-шараға Қытай Коммунистік партиясы Орталық комитеті тұрақты комитетінің мүшесі, ҚХР мемлекеттік вице-премьері Дин Сюэсян, Сычуань провинция партия комитетінің хатшысы Ван Сяохуэй, Иран Ислам Республикасының вице-президенті Хоссейн Арф, Өзбекстан Республикасының бірінші вице-премьері Ачилбай Раматов және басқа да бірқатар шетелдік мәртебелі қонақтар –  барлығы 100-ден астам мемлекеттен келген 6000-ға жуық адам жиналды.

Жиында инженерлік салада білікті кадрларды даярлау, бірлескен зерттеу платформасын құру, трансшекаралық тәжірибе алмасу және инженерлік білім беру стандарттарын әзірлеу мәселелері талқыланды.

Форум қорытындысы бойынша жоғары оқу орындарының, ғылыми мекемелер мен халықаралық ұйымдардың өкілдері «Бір белдеу – бір жол» инженерлік әлеуетті дамыту жөніндегі өзара түсіністікке қол жеткізу туралы бірлескен консенсус құжатына қол қойды. Онда инженерлік білім беру саласындағы халықаралық ынтымақтастықты дамыту, бірлескен жобаларды іске асыру, жас ғалымдарды қолдау және білім мен технологиялармен алмасу үшін ашық платформалар құру қарастырылған.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі