Нүкүс мемлекеттік техникалық университеті оқытушылары әл-Фараби кітапханасындаFarabi University

Нүкүс мемлекеттік техникалық университеті оқытушылары әл-Фараби кітапханасында

27 маусым, 2025

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Біліктілікті арттыру және қосымша білім беру институтының бастамасымен Нүкүс мемлекеттік техникалық университетінің профессор-оқытушылар құрамы үшін арнайы танымдық экскурсия ұйымдастырылды. Бұл сапардың негізгі мақсаты – қонақтарды университеттің мәдени-танымдық кеңістігімен таныстыру, сондай-ақ ғылыми-интеллектуалдық ортасымен етене танысу болатын.

Экскурсия барысында қатысушылар ҚазҰУ-дың жүрегі іспетті – әл-Фараби кітапханасына барды. Қазақстандағы ең ірі жоғары оқу орны кітапханаларының бірі саналатын бұл нысан – тек ақпараттық ресурс қоры ғана емес, сонымен қатар студенттер мен оқытушылар үшін білім, ғылым және мәдениет тоғысатын орда ретінде жоғары бағаланады.

Кітапхана ұжымы қонақтарды кітапхана құрылымымен, оның тарихи дамуы және қазіргі заман талабына сай жабдықталған оқу залдары мен электронды ресурстармен таныстырды. Қатысушылар сирек кітаптар қорын, цифрлық мәліметтер базасын, халықаралық ғылыми журналдарға қолжетімділікті көріп, үлкен әсер алды. Сонымен қатар, кітапхананың цифрлық трансформацияға сай жаңарған технологиялық мүмкіндіктері ерекше қызығушылық тудырды.

Қонақтар өз ризашылықтарын білдіріп, ҚазҰУ-дың ғылыми инфрақұрылымының жоғары деңгейде екенін, мұндай тәжірибе алмасу кездесулерінің кәсіби дамуға үлкен серпін беретінін атап өтті.