Медицина саласындағы серіктестікFarabi University

Медицина саласындағы серіктестік

30 маусым, 2025

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев Түркияның Анталья қаласындағы OFM жеке ауруханасынан келген делегацияны қабылдады.

Делегация құрамында аурухананың құрылтайшысы және директоры Тургай Бирсез, бас дәрігер Джем Мутлу, ми және жүйке хирургиясының маманы Этем Танер бар.

Кездесуде тараптар медицина саласы бойынша серіктестікті арттыру, ортақ ғылыми жобаларды жүзеге асыру бағытындағы мәселелерді талқылады.

Жансейіт Түймебаев құрметті қонақтарға ҚазҰУ-дың жетістіктері туралы ақпарат берді. Соның ішінде медицина саласы бойынша жүзеге асырылып жатқан ғылыми-инновациялық жобаларға тоқталды.

ҚазҰУ базасында денсаулық сақтау және медицина факультеті табысты жұмыс істейді. Мұнда қазақстандық және шетелдік студенттер білім алады. Сонымен қатар биология және биотехнология факультетінде Ми институты құрылды. Ректор өз сөзінде аталған ғылыми институтпен және медицина факультетімен бірге тәжірибе алмасу мақсатында академиялық ұтқырлық бағдарламасын іске қосуды ұсынды.  Бұған қосымша OFM ауруханасының ғалымдарын университетке көшбасшылық дәріс оқуға шақырды.

Өз кезегінде OFM жеке ауруханасының құрылтайшысы және директоры Тургай Бирсез аталған ұсыныс-пікірлерді қолдайтынын айтып, ҚазҰУ-мен тығыз байланыста жұмыс істеуге дайын екенін жеткізді.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі