Биология және биотехнология факультетінің түлектеріне диплом табысталдыFarabi University

Биология және биотехнология факультетінің түлектеріне диплом табысталды

3 шілде, 2025

Фараби Хаб орталығында Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың биология және биотехнология факультетінің түлектеріне диплом тапсыру салтанаты өтті. Биыл факультетті 284 бакалавр және 134 магистр тамамдады.

Ал университет бойынша 7080 студент бітірді. Олардың 5410-ы – бакалавр, 1163-і – магистр, 507-сі докторант дәрежесін алды. 1404 түлек үздік диплом иегері атанды.

Биологиялық тақырыпта безендірілген салтанатты сахнада проректор, факультет деканы, оқытушылар, ата-аналар және студенттер сөз сөйледі. Академиялық мәселелер жөніндегі проректор Алина Галеева ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаевтың түлектерге арналған хатын оқыды. Сондай-ақ шарада биология және биотехнология факультетінің деканы, профессор Әділхан Сұлтанов түлектерді құттықтап, алған білімдерінің маңыздылығын еске салды. «Бүгін сіздер жаңа, күрделі, бірақ әрі қызықты өмірге қадам басып отырсыздар. Алған білімдеріңіз сіздердің биология және биотехнология саласындағы болашақ зерттеулеріңіз бен жетістіктеріңізге негіз болады. Біз сіздерге және сіздердің әлеуеттеріңізге сенеміз», – деді ол түлектерге.

Сондай-ақ факультеттің студенттік деканатының белсенді қатысушысы Аида Хамитованың ата-анасы Бахтияр Ибадиллаев пен Кенже Ибадиллаева сөз сөйледі.

Құттықтаулардан кейін әрбір түлек сахнаға мақтанышпен көтеріліп, ұстаздардың қолынан дипломдарын алды.

Салтанатты рәсімнің соңында түлектер ұстаздарына және отбасыларына қолдау мен білімдері үшін алғыстарын жеткізді. «Біз бұл жолды бірге өткенімізге қуаныштымыз. Мұнда алған білім біздің жолымыздың бастауы ғана екеніне сенімдіміз», – деді олар өз сөздерінде.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі