Философия және саясаттану факультеті түлектерге диплом табыстады

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да университетте оқуын сәтті аяқтаған философия және саясаттану факультетінің түлектеріне диплом тапсыру рәсімі өтті.
Басқарма мүшесі – академиялық мәселелер жөніндегі проректор Алина Галеева түлектерді ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаевтың атынан құттықтап, жарқын болашақ пен табыс және кәсіби жетістіктер тіледі.
Факультет деканы, философия ғылымының кандидаты, қауымдастырылған профессор Бекжан Мейірбаев түлектерге арналған құттықтау сөз сөйледі. Ол 1947 жылы Психология және логика кафедрасының ашылуынан бастап, 1949 жылы С.М.Киров атындағы ҚазМУ-дың философия және экономика факультетін құрудан бастау алатын факультет тарихына қысқаша шолу жасады. Содан бері факультет көптеген мамандарды даярлап шығарды, олардың көпшілігі кәсіби және мемлекеттік деңгейде үлкен жетістіктерге жетті. Атақты түлектердің қатарында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қарин, Абай атындағы ҚазҰПУ ректоры Болат Тілеп, ҚР Президенті Әкімшілігінің ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі Абзал Нүкенов, VII-VIII шақырылымдағы Қазақстан Парламенті Мәжілісінің депутаты Елнұр Бейсенбаев және басқа да танымал тұлғалар тұр.
«Биыл философия және саясаттану факультеті кәсіби жолға қадам басатын 546 сертификатталған маман шығарды, оның ішінде 273 бакалавр, 120 магистр және 63 PhD бар. 133 түлек ЖОО-ны қызыл дипломмен тамамдады. Бүгін сіздердің алдарыңызда жаңа мүмкіндіктер есігі ашылып отыр, болашақта әрқайсыларыңыз өмірдің биік белестеріне жетіп, қара шаңырақ университетіміздің үмітін ақтайтынына сенемін», – деп атап өтті декан.
Оқытушылар түлектерге елдің дамуына бағытталған өзекті жобаларды жүзеге асыруда табыс тілеп, олардың ел бірлігі мен қайырымды ұлт қалыптастырудағы маңызды үлесін атап өтті.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар
