Халықаралық ынтымақтастықты кеңейту

Әл‑Фараби атындағы ҚазҰУ-да Ұлттық сот ғылымдары университеті (NFSU), Ллойд бизнес‑мектебі және Пенсильвания штаты университетінің өкілдерімен кездесу өтті. Тараптар білім беру мен ғылыми серіктестікті дамыту мәселелерін талқылады.
Кездесуде Басқарма мүшесі – ғылыми‑инновациялық қызмет жөніндегі проректор м.а. Марғұлан Ибраимов ҚазҰУ-дың халықаралық ынтымақтастықты кеңейтудегі басым бағыттарына тоқталды.
«ҚазҰУ АҚШ-тың 19 университеті және ұйымымен, сондай‑ақ Үндістанның 10 жоғары оқу орны мен институттарымен академиялық және ғылыми байланыстарды белсенді түрде жүргізіп келеді. Негізгі серіктестеріміз – Пенсильвания штаты университеті, Джордж Вашингтон университеті, Колумбия университеті, Бомбей технологиялық институты, Джавахарлал Неру университеті, Амити университеті және тағы басқалар. Біз әлемдік университеттермен байланыстарды нығайтуға ұмтыламыз және Пенсильвания университетімен серіктестік оң нәтижелер әкеледі деп сенемін», – деді проректор.
Келіссөз барысында бірлескен зерттеу бастамаларын дамыту және академиялық алмасу мәселелері қарастырылды. Оған ҚазҰУ мен Пенсильвания штаты университеті арасында 2024 жылғы 29 сәуірде қол қойылған ынтымақтастық меморандумы негіз болды. Бұл келісім аясында бірлескен жобалар, конференциялар және оқытушы-профессорлар құрамын алмасу келісілген.
Өз кезегінде Пенсильвания университеті Құқық мектебінің вице‑деканы Стивен Барнс оқу орнының жетістіктері жайлы айтты. Ол оқу ордасы АҚШ мемлекеттік бюджетінен қаржыландырылатын үздік 15 университеттің бірі екенін атап өтті. Пенсильвания университеті QS WUR рейтингінде 37-орынды иеленген.
«Өзара ынтымақтастық студенттер мен оқытушылар үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашады, білім мен тәжірибе алмасуға негіз болады. Бұл қазіргі әлемде өте маңызды», – деді Барнс мырза. Сондай-ақ қос тарап әріптестікті кеңейту бағыттарын қарастырып, ой бөлісті.
Кездесуден кейін қонақтар кампус-турға қатысып, университет инфрақұрылымымен танысты.
Әл‑Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар


