ҚазҰУ-да инновациялық білім беру бағдарламалары ашылды

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті ағымдағы жылы 562 білім беру бағдарламасын жүзеге асыруда. Оның ішінде 149 бакалавриат, 285 магистратура, 128 докторантура бағдарламасы қамтылған.
Көпсалалы жетекші университеттің білім беру бағдарламалары қазіргі заманғы жаһандық өзгерістерге, еңбек нарығындағы сұранысқа және ұлттық экономиканың даму басымдықтарына сай бейімделген. Университет мамандарды даярлауды әртүрлі салада: іргелі ғылымнан бастап – қолданбалы зерттеулерге, гуманитарлық бағыттардан – инженерлік және технологиялық мамандықтарға дейін кең көлемде жүзеге асырады.
Атап айтқанда ақпараттық технологиялар және жасанды интеллект; инженерия, энергетика, ядролық және уран өндірісі; биомедицина және қолданбалы биофизика; экология, геология және сейсмология; халықаралық қатынастар, құқық, қоғамдық дипломатия; журналистика, тіл білімі және филология; қаржы, экономика, бизнес-талдау және менеджмент салаларында бәсекеге қабілетті кадрларды еңбек нарығына қосуда.
Сондай-ақ ҚазҰУ цифрлық дәуір талаптарына сай биыл бірнеше жаңа инновациялық бағдарламаны іске қосты. Олардың қатарында: «Жасанды интеллект», «Бағдарламалық инженерия», «Әскери криптология», «Биомедициналық инженерия», «Қолданбалы биофизика», «IT-менеджмент», «Жер сілкіністерінің геологиясы» және басқа да бағыттар бар.
Университет 60 қосдипломдық бағдарлама ұсынады. Бұл бағдарламалар Германия, Португалия, Италия, Қытай, Ресей, Франция сынды елдердің жетекші жоғары оқу орындарымен бірлескен. Серіктестер қатарында Висмар университеті (Германия), Лиссабон университеті (Португалия), Ла Сапиенца университеті (Италия), Солтүстік-батыс политехникалық университеті (ҚХР), М.В.Ломоносов атындағы ММУ (Ресей) және тағы басқалар бар.
Сонымен қатар университет өз қызметін жаһандық деңгейде кеңейтіп келеді. Қазіргі уақытта Түркия, Қырғызстан, Ресей елдерінде ҚазҰУ филиалдары ашылып, табысты жұмыс істеуде. ҚазҰУ базасында МИФИ (РФ) және Солтүстік-батыс политехникалық университетінің (ҚХР) филиалдары қызмет атқарады.
Университет цифрлық трансформацияны да қарқынды игеруде: Open KazNU онлайн платформасында 127 онлайн курс қолжетімді, Coursera платформасымен интеграциялау жалғасуда, ал білім беру үдерісіне генеративті жасанды интеллект (GenAI) технологиялары енгізілуде.
Бүгінгі таңда ҚазҰУ-да 27 500-ден астам студент білім алуда, оның ішінде 50-ден астам елден келген 4000-нан астам шетелдік студент бар. Бұл университеттің халықаралық білім кеңістігінде жоғары беделге ие екенінің айқын көрсеткіші.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар

