Академиялық адалдық пен ұлтқа қызмет – ұстаздық жолымның темірқазығы

Фатимабибі Дәулет – Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың шығыстану факультетін алғашқы бітірген түлектердің бірі, тәуелсіз Қазақстандағы қытайтану ғылымының қалыптасуы мен дамуына сүбелі үлес қосып келе жатқан көрнекті ғалым. Ол – ұстаздық пен ғылым жолын қатар алып жүрген, есімі Қазақстан ғана емес, шетелдік қытайтану қауымдастығына да жақсы таныс тәжірибелі маман. «Болашақ» халықаралық стипендиясының иегері, «Жоғары оқу орындарының үздік мұғалімі», «Қытай тілінің ең үздік мұғалімі» байқауларының жеңімпазы.
Бұл мақалада Фатимабибі Ноғайқызының шығыстану мен қытайтану саласында 35 жылдан астам уақыт бойы жүргізіп келе жатқан ғылыми-педагогикалық қызметі, ізденістері, жеңістері мен кәсіби сынақтары туралы баяндалады. Ғалым ретінде қалыптасу кезеңі, ұстаздық жолындағы жаңашыл бастамалары мен ұлттық ғылымға қосқан үлесі кеңінен сөз болады.
Менің кәсіби жолымның бастауы ұстаздықпен тікелей байланысты. 14 жасымда Қызылорда қаласындағы Мәншүк Мәметова атындағы педагогикалық училищеге оқуға түсіп, оны 19 жасымда үздік аяқтадым. Бұл – менің алғашқы альма-матерім. Осы оқу орнының қабырғасында мен ұстаздықтың мәні мен маңызын түсіндім, білім беру ісіне деген ішкі ықылас пен жауапкершілікті бойыма сіңірдім.
Қызылорда педагогикалық колледжі – еліміздегі ең көне оқу-ағарту орындарының бірі. Аталмыш оқу орнының терең тарихы мен ел үшін атқарған өлшеусіз еңбегін біреу білсе, біреу біле бермейді. 1932 жылы негізі қаланған бұл білім ордасы алғашында Қызылорда қазақ педагогикалық техникумы деп аталған болатын. 1952 жылы Алматы педагогикалық училищесінің Қызылордаға көшірілген бөлімімен бірігіп, Қызылорда қазақ қыздар педагогикалық училищесі ретінде қайта құрылды. Осылайша бұл оқу орны қазақ қыздарын білім мен тәрбие ісіне даярлайтын еліміздегі ең іргелі орталықтардың біріне айналды. Училищеден түлеп ұшқан әрбір жас маман педагогика мен психология негіздерін жетік меңгеріп, бірнеше тілді қатар игеріп, кем дегенде екі музыкалық аспапта (фортепиано, баян, аккордеон, домбыра, қобыз және т.б.) еркін ойнай алатын. Сонымен қатар тұрмыстық мәдениетке бейімделген, үй шаруасына икемді (түрлі тағамды дайындау, киім тігу және тоқу және т.б.), бесаспап, өмірге жан-жақты дайындалған ұстаз ретінде еңбек жолын бастайтын. Бізді тәрбиелеген ұстаздарымыз – Сәнімкүл Желдербаева, Зиябек Мұхамедәлиев, Ұлтуған Омарова сынды ағарту ісінің майталмандары ұстаздықты тек мамандық емес, қоғам алдындағы жауапкершілік деп ұғындырды. Әл-Фарабидің «Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие керек. Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы, ол келешекте оның өміріне қауіп әкеледі» деген қағидатын бізге өмірлік ұстанымға айналдырды. Білім беру ісіне деген шынайы сүйіспеншілігім мен ұстаздыққа деген терең құрметім дәл осы ортада қалыптасты.
Ұстаздық пен ғылым жолын таңдауым кездейсоқ емес, саналы түрде қабылдаған өмірлік мұратым. Бұл жолдың бастауында менің анам – Социалистік Еңбек Ері, «Ғасырдың анасы» Сәлима Жұмабекқызының өнегелі өмірі тұр. Адал еңбек, әділдік, адамгершілік, ұлтқа қызмет ету секілді өмірлік ұстанымдар маған анамның ақ сүтімен дарып, болмысымның өзегіне айналды. «Арыңнан жаның садаға», «Еліңе не берем де», «Артыңда жақсы сөзің қалсын» деген аталы сөздер мен үшін тек ұлағатты мұра емес, өмірлік бағдар болды. Өнегелі ұрпақ өсіріп, білікті шәкірт тәрбиелеу – сол тәрбиенің жалғасы, жанымның ішкі тілегі.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің қабырғасында менің ғылыми жолымның іргетасы қаланды. Бұл жолда менің бағыма орай кезіккен ұстаздарым – академик Әбсаттар қажы Дербісәлі, профессорлар Кеңес Қожахметов, Әбдіғали Шөпеков, Клара Хафизова, Нұржамал Алдабек, Гүлнәр Надирова сынды тұлғалар мен үшін тек білім беруші ғана емес, рухани бағдаршам, кәсіби кемелдіктің өлшемі болды. Олар өз ісімен де, сөзімен де ғылымның шынайы болмысын ұғындырып, ғалым болу – ол ар алдында, ұрпақ алдында, ұлт алдында адал болу деген терең ұстанымды санамызға сіңірді.
Аталмыш ұстаздарымыздың «Бір сөз айтсаң да – өз сөзің болсын, бір сөйлем жазсаң да – өз ойың болсын» деген қағидалы ескертулері әлі күнге дейін жадымда жаңғырып тұрады. Бұл ұлағатты сөздер жай педагогикалық кеңес емес, академиялық адалдықтың биік өлшемі. Ғылым саласында жалған диплом, жасанды ғылыми мақалалар мен квазижетістіктер белең алып тұрған қазіргі таңда ұлы ұстаздардың осы сықылды өнегелі аманаты бұрынғыдан бетер маңызды, бұрынғыдан бетер өзекті деп санаймын.
1994 жылы шығыстану факультетінің қытайтану бөлімін үздік дипломмен тамамдаған соң, ұстаздарымның кеңесімен осы өзім оқыған факультетке оқытушы болып қабылданып, ұстаздық, ғалымдық өмір жолымды қара шаңырақтың қабырғасында бастап кеттім. Менің мақалаларым, қытай тілінен жасаған аудармаларым студент кезімде-ақ түрлі ғылыми басылымдарда, республикалық газеттерде жариялана бастады. Қарап отырсам, оқуға қабылданған 1989 жылдан бері, қырыққа тарта жыл ішінде отандық және шетелдік басылымдарда 200-ден аса ғылыми еңбек жарық көріпті. Олардың ішінде 25-і – қазір еліміздің және шетел университеттерінде қолданылып жүрген оқулықтар, монографиялар, сөздіктер, тілашарлар.
1999 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті жанындағы диссертациялық кеңесте қазақ және қытай тілдеріндегі фразеологизмдерді салғастырмалы тұрғыда талдауға арналған кандидаттық диссертациямды сәтті қорғадым. Бұл еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін отандық қытайтану ғылымы аясында қорғалған алғашқы ғылыми еңбектердің бірі болды.
Зерттеу жұмысымның ғылыми жетекшісі ретінде қазіргі таңда түркітану саласына сүбелі үлес қосып жүрген ғалым – Раушан Авакова тағайындалды. Жас болса да, ол кісі сол кезеңде маған ғылымға бет бұруда бағыт-бағдар беріп, диссертациялық жұмысты жазу барысында құнды кеңестерін аямай, ғылыми жетекші ғана емес, шынайы тәлімгер бола білді. Оның қамқорлығы мен ұстаздық қолдауы менің кәсіби және ғылыми тұрғыда қалыптасуымда маңызды рөл атқарды.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Орталық Азия кеңістігінде қытай тілі бойынша ғылыми дәреже алған мамандардың қатары өте аз еді. Диссертацияма ресми оппонент ретінде шақырылған жалғыз маман – өзбекстандық ғалым, филология ғылымының кандидаты Акрам Каримов болды. Ол кісі арнайы Ташкенттен келіп, менің зерттеу жұмысымды мұқият саралап, ғылыми тұрғыдан бағалап, өз ой-пікірін ортаға салды. Бұл мен үшін ғана емес, еліміздегі жаңадан қалыптасып келе жатқан қытайтану ғылымы үшін де маңызды сәттердің бірі болды.
Қорғаудан кейін мен де ғылыми ортаға белсенді араласып, жас ізденушілердің жұмыстарына ресми оппонент ретінде қатыса бастадым. Осылайша елімізде қытайтану бағыты біртіндеп дамып, кәсіби мамандардың жаңа буыны қалыптаса бастады.
Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, ғылыми жолымда бағыт-бағдар берген барлық ұлағатты ұстаздарыма шынайы алғысымды білдіремін. Мен үшін олардың сенімін ақтау – үлкен мәртебе әрі жауапкершілік. Қытайтану ғылымына адал қызмет етіп келе жатқаныма қуанышпен қарай отырып, бұл жолда әлі де тер төгуге дайын екенімді мақтанышпен емес, терең жауапкершілікпен қабылдаймын.
Менің ғалым және ұстаз ретінде кәсіби қалыптасуыма жол көрсеткен ұстаздарымның қатарында шетелдік белгілі ғалымдардың да орны ерекше. Олардан алған білім, көрген өнеге менің таным көкжиегімді кеңейтіп, ғылымға деген көзқарасымды тереңдете түсті. Әсіресе ҚазҰУ мен Қытайдың Солтүстік-батыс политехникалық университеті арасындағы оқытушылар мен студенттер алмасу келісімі аясында елімізге арнайы келіп, дәріс оқыған қытайлық ұстаздар – профессор Ли Цзиң, Ма Шуцин, сондай-ақ Шыңжаң университетінде оқып жүрген кезімде тәлім берген Ху Айхуа мен Лю Тұңды ағай-апайлардың педагогикалық шеберлігі мен әдістемелік мәдениеті мен үшін кәсіби эталонға айналды. Сондай-ақ М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінде постдокторантурадан өтіп жүрген кезеңде ғылыми жетекшілік жасап, бағыт-бағдар берген А.М.Карапетьянц, Тань Аошуань, М.Ю.Ульянов, М.В.Софронов сынды қытайтану ғылымының көрнекті өкілдері берген ақыл-кеңесі мен көрсеткен ғылыми қолдауы менің зерттеушілік жолыма жаңа тыныс, таным көкжиегімді кеңейтетін терең серпін, кәсіби болмысымды қайтадан жаңғыртқан рухани қуат болды.
Ғылыми тағылымдамалардан бастап, халықаралық докторантураға дейінгі жолда мен алған білім мен тәжірибені ел игілігіне жұмсауға ұмтылып келемін. «Болашақ» халықаралық бағдарламасының иегері ретінде М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінде докторантурада білім алып, ғылыми көкжиегімді кеңейттім. Қытай тіліне арналған алғашқы отандық оқулықтарды әзірлеп, оларды ұлттық білім беру стандартына бейімдеу менің ұстаздық миссиямның маңызды бөлігіне айналды. Сонымен қатар еліміздің беделді университеттерінде мәдени жобалар мен ғылыми семинарлар ұйымдастыруды азаматтық әрі кәсіби парызым деп білемін. «Қазақстан жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» және «Қытай тілінің үздік оқытушысы» республикалық байқауларының жеңімпазы ретінде қазіргі таңда мен Орталық Азия кеңістігінен халықаралық симпозиумдар мен форумдарға ең жиі шақырылатын қытайтанушы ғалымдардың бірі болып саналамын. Соңғы оқу жылында Қытайдың Бейжің, Нанпин, Тайчжоу, Сиань, Ланьчжоу, мен Үндістанның Ченнай, Тируччираппалли сияқты ірі қалаларында өткен 10-нан астам халықаралық симпозиумдар, конференциялар мен форумдарға толық грант негізінде қатысып, Қазақстан ғылымын халықаралық алаңдарда танытуға үлес қосуға мүмкіндік алдым.
Қазіргі таңда Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Қытайтану кафедрасында менің жетекшілігіммен аударма және мәдениетаралық коммуникация бағытында ғылыми мектеп қалыптасып келе жатқаны мен үшін үлкен мақтаныш. Осы тұрғыда түрлі халықаралық конференцияларда Қазақстан қытайтануының мәртебесін жоғарылатып жүрген, есімдері академиялық ортаға танымал шәкірттерім Е.Керімбаев, Д.Мәдиев, Д.Дәуен, Н.Абдраев, А.Қойбақова, Г.Бірімқұлова, Р.Асылбеков, Р.Желдібаева, Г.Қатбаева, Г.Рахимбекова, Л.Жүнісбек сынды болашағынан үлкен үміт күттіретін жас ғалымдарды ерекше атап айтқым келеді.
Бүгінгі күні менің кәсіби жолым – ғылыми адалдық, ұстаздық жауапкершілік және ұлтқа қызмет ету қағидаттарына негізделген. Бұл жолда алған марапаттар мен ғылыми жетістіктер – сыртқы баға емес, ішкі ұстанымның нәтижесі. Мен үшін ең үлкен жетістік – шәкірттерімнің табысы, ұлт ғылымына қосқан шынайы үлес және өз ісіме деген адалдық. Сөзімнің соңында академиялық адалдық пен ұлтқа қызмет ету – ұстаздық жолымның темірқазығы болып саналатынын тағы баса айтқым келеді. Осы қағиданы берік ұстана отырып, алдағы уақытта да еліміздің білім беру және ғылым саласының дамуына үлес қоса бермекпін.
Фатимабибі ДӘУЛЕТ,
Қытайтану кафедрасының
қауымдастырылған профессоры
Басқа жаңалықтар

