РФ Үкіметінің Төрағасы Омбыдағы ҚазҰУ филиалының жұмысымен танысты

Михаил Мишустин Омбы қаласында орналасқан Қазақстанның жетекші жоғары оқу орындарының бірі – әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің филиалына барды. ҚазҰУ – Ресей аумағында өз филиалын ашқан алғашқы қазақстандық жоғары оқу орны.
Қазақстан тарапынан кездесуге ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек пен әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры Жансейіт Түймебаев қатысты.
Ресей тарапынан шараға РФ Ғылым және жоғары білім министрі Валерий Фальков, Омбы облысының губернаторы Виталий Хоценко, Омбы облысының жоғары білім және ғылыми-технологиялық даму министрі Александр Кольцов, Ф.М.Достоевский атындағы Омбы мемлекеттік университетінің ректор міндетін атқарушы Иван Кротт қатысты.
Қонақтар қабылдау комиссиясының жұмысымен танысып, ҚазҰУ-дың оқу корпусы мен ғылыми кітапханасын аралады.
Кездесу барысында ҚазҰУ ректоры филиалдың құрылу тарихы жөнінде айтып өтті, ал Саясат Нұрбек Қазақстандағы ресейлік жоғары оқу орындарының филиалдарының қызметі туралы баяндады.
ҚазҰУ филиалының Омбы мемлекеттік университеті базасындағы ресми ашылуы 2024 жылғы 27 қарашада екі ел президенттерінің қатысуымен өтті.
РФ Үкіметінің Төрағасы Қазақстанда жұмыс істеп жатқан ресейлік филиалдардың белсенді қызметі үшін алғыс білдіріп, Омбыда қазақстандық жетекші университеттің филиалының ашылуының маңыздылығын ерекше атап өтті. Сонымен қатар ол талапкерлерді ҚазҰУ филиалына оқуға түсуге шақырды.
Қазіргі таңда қабылдау науқаны аясында филиал бакалавриаттың үш бағыты бойынша, атап айтқанда, филология факультетінен «Қазақ тілі мен әдебиеті», заң факультетінен «Кеден ісі», халықаралық қатынастар факультетінен «Халықаралық құқық» бағыттары бойынша студенттерді қабылдап жатыр. Филиалға жалпы 200-250 талапкерді қабылдау жоспарланып отыр.
Басқа жаңалықтар
