ЖАТАҚХАНАЛАРДА ЖӨНДЕУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖҮРГІЗІЛУДЕFarabi University

ЖАТАҚХАНАЛАРДА ЖӨНДЕУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖҮРГІЗІЛУДЕ

5 тамыз, 2025

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті 2025-2026 жаңа оқу жылына белсенді түрде дайындалуда. Қазіргі таңда университеттің барлық жатақханаларында кең ауқымды жөндеу жұмыстары жүргізілуде. ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев атқарылып жатқан жөндеу жұмыстарымен танысты.

 Оқу орнының басшысы студенттердің оқуына және тұрмысына қолайлы жағдай жасау мәселесіне ерекше назар аударады. Ол жөндеу жұмыстарының сапасын тексеріп, олардың орындалу барысын өзі тікелей бақылауда ұстайтынын жеткізді.

 

Жөндеу аясында ішкі қабырғалар мен дәліздер әктеліп, боялуда. Сондай-ақ бірінші қабаттың сыртқы қасбеттері жаңартылып жатыр, бұл ғимараттардың сырт келбетін жақсартуға ықпал етеді. №1, 6, 7, 15, 16 және 18 жатақханаларда линолеумді ауыстыру жұмыстары қолға алынған. Бұл тұрғын үй гигиенасын сақтау және эстетикалық талаптарға сай келтіру үшін маңызды.

№17 жатақханада санитарлық тораптар мен асүйлерде еденге төселген керамикалық плиталар жаңартылуда. Ал тағы 13 жатақханада санитарлық бөлмелерде плиталарды ауыстыру жоспарланған. Бұл шаралар студенттер үшін тұрмыстық жағдайларды жақсартуға бағытталған.

Жаңарту жұмыстарының бір бөлігі ретінде сантехникалық және электрлік жабдықтар да ауыстырылуда. Атап айтқанда, унитаздар, раковиналар, су араластырғыштар, шлангтар, сондай-ақ жарық шамдары, автоматтар, розеткалар мен қосқыштар жаңартылуда. Сонымен қатар, қауіпсіздікті арттыру мақсатында кейбір жатақханаларда есік блоктары да ауыстырылады.

 Жөндеу жұмыстарының 2025 жылғы 15 тамызда аяқталуы жоспарланып отыр. Бұл жатақханаларды жаңа оқу жылына толық дайындауға мүмкіндік береді.

ҚазҰУ басшылығы студенттер үшін жайлы әрі қауіпсіз өмір сүру ортасын қамтамасыз ету мақсатында барлық қажетті шараларды қабылдауда.

 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі