ҚАЗҰУ АУМАҒЫНДАҒЫ АЛАҢ МЕН АЛЛЕЯ ЖАҢАРТЫЛУДА

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті аумағындағы алаң мен аллеяда қазіргі уақытта қарқынды қайта жаңарту жұмыстары жүргізілуде. ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев атқарылып жатқан жөндеу жұмыстарымен танысты.
Университет басшысы жұмыс барысының сапасын тексеріп, олардың орындалу барысын өзі тікелей бақылауда ұстайтынын жеткізді. Басты мақсат – университеттің келбетін жаңартып, студенттер мен қызметкерлерге жайлы әрі әдемі қоғамдық кеңістік сыйлау.
Жобаны Алматы қаласы Бостандық ауданы әкімінің аппараты тапсырыс беруші ретінде қолдап отыр, ал жұмысты жүзеге асырып жатқан – «НиКонстрой» компаниясы.
Қазір алаңнан ескірген гранит плиталары алынып, арнайы сұрыпталып шығарылуда. Жарамды плиталар мұқият оралып, Технопарк аумағындағы қоймаға жеткізілсе, жарамсыз бөлшектер құрылыс алаңына жөнелтілуде. Осы уақытқа дейін 600 шаршы метр алаң толықтай тазартылып, жаңа кезеңге дайындалған.
«Жоба аясында енді заманауи, көз тартарлық куртиндік қоңыр гранит плиталар төселмек. Жаңа тастар 150х150х50 мм өлшемде болады және жалпы көрініс университеттің сәулеттік стиліне үйлестіріледі. Сонымен қатар, жаяу жүргіншілер жолының астындағы бетон қабаты қалпына келтіріліп, арнайы гранитті ұнтақ төселеді. Бұл материал тұрақты әрі ұзақ мерзімге шыдамды болып келеді», – дейді Күрделі құрылыс департаментінің директоры Айту Қонысбаев.
Болашақта бұл жаңартылған кеңістік – серуендеп, демалуға, ашық ауада кітап оқуға немесе дос-жаранмен жүздесуге таптырмас орын болмақ.
ҚазҰУ тек білім мен ғылымның ордасы ғана емес, сонымен бірге жайлы және тартымды кампус мәдениетін қалыптастырып келе жатқан заманауи университет екенін кезекті рет дәлелдеп отыр.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар


