Азия технологиялық университетімен ынтымақтастықFarabi University

Азия технологиялық университетімен ынтымақтастық

6 тамыз, 2025

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Азия технологиялық университеті делегациясымен кездесуі өтті.

Кездесуде Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры – Басқарма Төрағасы Жансейіт Түймебаев білім ордасының зерттеу университеті ретінде атқарған жобаларына тоқталып, халықаралық байланыстарының артып отырғанын айтты.


Сонымен қатар ректор ҚазҰУ-дың Өзбекстанның Ташкент мемлекеттік Низами атындағы университеті, Мирзо Ұлықбек атындағы Ұлттық университеті, Дүниежүзілік экономика және дипломатия университеті, Самарқан мемлекеттік медицина университеті, Ферғана политехникалық институты және басқа да 23 жоғары оқу орнымен тығыз әріптестік байланыста екенін атап өтті.

Естеріңізге сала кетейік, 2025 жылы 27 наурызда әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры Жансейіт Түймебаев Өзбекстанның Қазақстандағы елшісі Бахтиёр Ибрагимовпен кездесіп, жоғары білім мен ғылым саласындағы ынтымақтастықты дамыту мәселелерін талқылаған

Бүгінде ҚазҰУ-да бакалавриат және магистратурада 145 Өзбекстан азаматы білім алуда. Ал 2024-2025 жылдар аралығында академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша ҚазҰУ-дың 56 оқытушысы, 3 докторанты және 103 магистранты Өзбекстан университеттерінде тағылымдамадан өтіп, түрлі конференциялар мен ғылыми-зерттеу жобаларына қатысты.

Ректор ҚазҰУ қызметіне деген қызығушылығы үшін делегаттарға алғысын білдіре отырып, инженерия, ақпараттық технологиялар, жасанды интеллект және менеджмент бағыттары бойынша оқытушылар мен студенттер алмасу мәселесіне баса назар аудару қажеттігін айтты. Сондай-ақ ҚазҰУ мен Азия технологиялық университеті студенттерінің қатысуымен хакатон немесе инновациялық жобалар байқауын ұйымдастыруды, цифрландыру мен тұрақты даму тақырыптары бойынша бірлескен ғылыми жарияланымдар әзірлеу үшін университетаралық ғылыми топтар құруды ұсынды.

Өз кезегінде Азия технологиялық университетінің ректоры Лачин Рахманов қонақжайлылықпен қабылдау үшін алғысын білдіріп, университеттер арасындағы әріптестікті нығайтуға мүдделі екенін атап өтті. Ол ынтымақтастық үшін ең маңызды бағыттар ретінде робототехника, климаттың өзгеруі және оның қоршаған ортаға әсері, физика, экономика және менеджмент салаларын атады. Сондай-ақ, ол Азия технологиялық университеті үшін PhD докторанттарын даярлау және ҚазҰУ профессорларын оқыту процесіне тарту мүмкіндігін қарастыруды ұсынды.

Кездесу барысындатараптар бірлескен ғылыми және білім беру жобаларын жүзеге асыру мәселелері бойынша пікір алмасып, алдағы жоспарларды талқылады.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Баспасөз қызметі