ЕЛДАР ШЕКЕРБЕК АШЫҚ СУДА ЖҮЗУДЕН ҮЗДІКТЕР ҚАТАРЫНДА

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың заң факультетінің студенті, белгілі спортшы Елдар Шекербек Бурабайда өткен X-WATERS KAZAKHSTAN ашық суда жүзуден жарыста екінші орын алып, күміс медальға ие болды.
Халықаралық додада 30-дан астам елдің спортшылары сынға түсті. Елдар Шекербек 80-нен астам адам қатысқан 8 километр қашықтыққа жарыста үздіктер қатарынан көрінді.
– Үлкен жарыстарда жоғары нәтиже көрсетіп, жеңіс жолына деген қадамымды жалғастыра беремін. Алдағы уақытта өзім білім алып жүрген ҚазҰУ-ымды әлемге танытып, еліміздің Туын көтеріп, Әнұранымыздың биік тұғырдан шырқалуына себепкер болғым келеді, – дейді Елдар Шекербек.
Қазіргі уақытта жас спортшымыз 2025 жылдың 22 тамызында Түркияда өтетін Босфор бұғазын жүзіп өтетін құрлықаралық жарысқа дайындалуда.
Елдар Шекербек – ашық суда жүзуден 2 км, 5 км және 10 км қашықтықта Қазақстан чемпионы, 5 км қашықтықта Азияның абсолютті чемпионы, 3*500 метр эстафетасында әлем чемпионы, Парсы шығанағындағы (БАӘ) 10 км қашықтыққа жүзуден күміс және қола жүлдегер, Испанияда 10 км қашықтықта Еуропа чемпионы, 2023–2024 жылғы Универсиада жеңімпазы.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар


