ҚАЗҰУ-ДА ТҮРКІ ӘЛЕМІНІҢ ЖАС КӨШБАСШЫЛАРЫ МЕН КӘСІПКЕРЛЕРІ БАС ҚОСТЫ

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Түркі мемлекеттері ұйымының IV Халықаралық жастар фестивалі аясында Жас көшбасшылар мен кәсіпкерлер кездесуі өтті.
Форумға Түркі мемлекеттері ұйымының мүше елдері – Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Түркия, Өзбекстан, сондай-ақ байқаушы мемлекеттер – Венгрия мен Түрікменстаннан келген жастар делегациялары қатысты. Сонымен қатар, шарада мемлекеттік органдардың, халықаралық жастар ұйымдарының және кәсіпкерлік қауымдастықтардың өкілдері де бас қосты.
Ашылу салтанатында Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Басқарма Төрағасы-Ректоры Жансейіт Түймебаев құттықтау сөз сөйлеп, Алматы қаласына «2025 жылғы Түркі әлемінің жастар астанасы» мәртебесінің берілуі – түркі елдері жастары үшін үлкен серпіліс екенін атап өтті.
«Бұл мәртебе – бауырлас халықтар арасындағы тарихи, мәдени және рухани байланыстың тағы бір дәлелі. Жас көшбасшылар мен кәсіпкерлерді университет қабырғасында қарсы алғанымызға қуаныштымыз. Бұл алаң түркі әлемі жастары арасындағы ынтымақтастықты арттырып, жаңа идеялар мен бірлескен жобалардың бастамасына айналары сөзсіз», – деді университет басшысы.
Түркі мемлекеттері ұйымының Бас хатшысы Кубанычбек Омуралиев өз сөзінде түркітілдес елдер арасындағы байланыстарды тереңдетуде жастардың ерекше орны бар екенін алға тартты. Оның айтуынша, заманауи сын-қатерлерге жауап беруде, жаңа технологияларды игеруде және мәдени мұраны сақтап, дамытуда жастар басты қозғаушы күшке айналып отыр.
Кездесу барысында түрлі елдерден келген жас көшбасшылар мен сарапшылар өз салаларындағы тәжірибелерімен бөлісіп, жобаларын таныстырды. Қазақстан студенттері Альянсының төрағасы Ұлан Наукен жастардың азаматтық белсенділігі мен отансүйгіштік рухын қалыптастырудың маңыздылығына тоқталды. Әзірбайжандық волонтер Эльман Хасанли кәсіпкерлік саласында жинақтаған жеке тәжірибесін ортаға салса, қырғызстандық жас кәсіпкер Эралы Токтаназаров өз еліндегі бизнесті қолдау тетіктері туралы әңгімеледі. Түркия Республикасының Жастар және спорт министрлігінен келген Урхан Хакан Түркиядағы жастар саясатының үлгісін таныстырды. Өзбекстандық кәсіпкер, «Hudson Sandler LLC» компаниясының бас директоры Умарбек Зариббаев кәсіпкерлікті дамытуға қатысты тиімді тәсілдер мен ұсыныстарын білдірді. Сонымен қатар, «EasyTap» IT стартапының негізін қалаушы Мағзұм Төлеш Қазақстандағы цифрлық жобалардың даму үдерісіне тоқталды. «EcoSen» экологиялық бастамасының жетекшісі Айбек Рахым қоршаған ортаға деген жауапкершілік пен экологиялық мәдениетті қалыптастыру қажеттігін атап өтті. Ал «TechnoWomen» қоғамдық бірлестігінің басқарма мүшесі Әлия Оразымбет әйелдер кәсіпкерлігі мен цифрлық сауаттылықты арттыру бағытындағы бастамалар туралы баяндады.
Басқосу соңында бейресми пікір алмасу алаңы ұйымдастырылып, қатысушылар өзара серіктестік мүмкіндіктерін талқылады.
Сондай-ақ қатысушылар Farabi HUB – ғылыми-инновациялық өнімдер мен жоғары технологиялық жобалар орталығына экскурсия жасап, университеттің ғылыми-инновациялық әлеуетімен танысты.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі