Қазақстан мен Қырғызстан министрлері ҚазҰУ филиалымен таныстыFarabi University

Қазақстан мен Қырғызстан министрлері ҚазҰУ филиалымен танысты

23 тамыз, 2025

Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек пен Қырғыз Республикасының Ғылым, жоғары білім және инновациялар министрі Бактияр Орозов әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Бішкек қаласындағы филиалына барды.

Кездесуге ҚазҰУ-дың Басқарма мүшесі – ғылыми-инновациялық қызмет жөніндегі проректоры Марғұлан Ибрайымов, Қырғыз Республикасының Ғылым, жоғары білім және инновациялар министрінің орынбасары Нұрлан Омуров, сондай-ақ ҚазҰУ филиалының директоры Жамин Шейшенов қатысты.

Министрлер университет филиалының оқу және ғылыми қызметімен танысып, оқу аудиторияларын аралады. ҚазҰУ-дың Ғылыми-инновациялық қызмет жөніндегі проректоры Марғұлан Ибрайымов  пен филиал директоры Жамин Шейшенов оқу орнының құрылуы, қазіргі қызметі мен даму перспективалары жөнінде таныстырды.

ҚазҰУ-дың Бішкек қаласындағы филиалы 2022 жылғы 26 мамырда ашылды. Оның ресми ашылу рәсімі Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Қырғыз Республикасының Президенті Садыр Жапаров қатысуымен өткен болатын.

Кездесу барысында министрлер тарапынан нақты ұсыныстар айтылып, болашақта жүзеге асырылуы мүмкін бастамалар қозғалды. Министр Саясат Нұрбек өз сөзінде аталмыш филиалдың Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы стратегиялық әріптестіктің нақты нәтижесі екенін атап өтті. «Екі елдің жастарын сапалы біліммен қамтамасыз етіп, ғылыми әлеуетін арттыру жолындағы ортақ күш-жігеріміз болашақта үлкен жетістіктерге жеткізеді», – деді министр.

Бүгінгі таңда филиалда 12 бакалавриат бағдарламасы және бейіндік магистратура бойынша білім беріледі. Ең көп сұранысқа ие мамандықтар қатарында – «Құқықтану», «Менеджмент», «Компьютерлік инженерия» және «Шетел филологиясы» бар. Қазіргі уақытта филиалда 750-ге жуық студент оқиды, ал 2025–2026 оқу жылына 630-дан астам талапкер қабылданған. Дәрістер қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде жүргізіледі.

Сондай-ақ бүгінде ҚазҰУ-дың шетелдегі филиалдары Түркияның Ыстамбұл қаласында және Ресейдің Омбы қаласында да табысты жұмыс істеп келеді.

Сапар аясында тараптар академиялық алмасу, бірлескен ғылыми жобаларды іске асыру және білім беру саласындағы ынтымақтастықты кеңейту мәселелерін де талқылады.

Филиал жұмысымен танысу екі ел арасындағы білім беру байланыстарын нығайтуға бағытталған маңызды қадам болды.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі