ПРЕЗИДЕНТ ДИПЛОМАТИЯСЫНА АРНАЛҒАН ҒЫЛЫМИ ЕҢБЕК ТАНЫСТЫРЫЛДЫ

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты сарапшылары дайындаған «Президент Тоқаевтың дипломатиясы» атты монографияның таныстырылымы өтті. Алқалы жиынға жетекші сарапшылар, белгілі қоғам қайраткерлері, министрлік өкілдері, жоғары оқу орындарының оқытушы-профессорлары мен ғылыми қызметкерлер қатысты.
Кездесуді Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры Жансейіт Түймебаев ашты. Ректор университет қабырғасында мұндай маңызды ғылыми іс-шараның өтуі жастардың дипломатиялық мәдениетін қалыптастыруға ықпал ететінін ерекше атап өтті:
«Назарларыңызға ұсынып отырған монография – Қазақстанның сыртқы саясатының жаңа кезеңін терең талдауға арналған бірегей еңбек. Бұл еңбекте еліміздің өзгермелі халықаралық ахуалда стратегиялық дербестікті сақтап, тұрақтылықты қамтамасыз ете білген тәжірибесі жан-жақты қарастырылады», – деді Жансейіт Түймебаев.
Университет басшысы өз сөзінде монографияның ғылыми ғана емес, саяси, практикалық маңызына да тоқталып: «Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың дипломатиялық қағидаттарына негізделген «рационалды көпвекторлылық» тұжырымдамасы қазіргі заманғы халықаралық қатынастарды зерттеуде теориялық та, тәжірибелік те маңызға ие үлгі ретінде баяндалады», – деп түйіндеді.
Шара модераторы, ҚСЗИ ғылыми хатшысы Айгүл Көшербаева монографияның құрылымы мен мазмұнына қысқаша шолу жасай келе, сөзді еңбек авторларына ұсынды.
Монография авторлары – ҚСЗИ-дың бас ғылыми қызметкерлері Санат Құшқұмбаев пен Ерболат Сейлеханов – өз баяндамаларында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жүргізіп отырған сыртқы саясаттың мазмұнды тұстарын кеңінен талдады.
Санат Құшқұмбаев өз сөзінде Президент Тоқаевтың дипломатиясы үш негізгі қағидаға – сабақтастық, прагматизм және көпвекторлы бағытқа негізделетінін айтты. Бұл қағидалар еліміздің халықаралық аренадағы мүдделерін тиімді қорғауға және геосаяси тұрақсыздық жағдайында да сыртқы саясатты үйлесімді жүргізуге мүмкіндік беретінін жеткізді.
Ал Ерболат Сейлеханов жаһандық сын-қатерлер, дағдарыстар, климаттың өзгеруі және басқа да халықаралық оқиғалардың Қазақстанның сыртқы саясатына әсеріне терең талдау жасады. Оның айтуынша, бұл мәселелер монографияда нақты зерттеліп, ғылыми негізделген тұжырымдар ұсынылған.
Монографияның ресми рецензенті, Еуразиялық технологиялық университеттің проректоры Асқар Нұрша еңбектің ғылыми салмағына ерекше назар аударды. Ол басылымның халықаралық қатынастарды, Қазақстанның жаһандық жүйедегі орнын көрсететін кешенді еңбек ретінде бағалап, зерттеушілер мен дипломатиялық корпус үшін таптырмас құрал боларына сенім білдірді.
Сондай-ақ, ашық пікірталас форматында өткен жиында Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Алматы қаласындағы өкілдігінің басшысы Жанібек Абдрашов, Абай атындағы ҚазҰПУ Болат Тілеп, БҰҰ-ның Алматыдағы Ғаламдық коммуникациялар департаментінің өкілі Властимил Самек, Азияны зерттеу институтының директоры Сұлтан Әкімбеков, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың халықаралық қатынастар факультетінің деканы Жұлдыз Сайрамбаева, «Альтернатива» өзекті зерттеулер орталығының директоры Андрей Чеботарев, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ жанындағы Азияны зерттеу институтының директоры Герман Ким, ҚР БҒМ Ғылым комитетінің Философия, саясаттану және дінтану институтының бас директоры Айгүл Сәдуақасова, ҚР СІМ Алматыдағы өкілдігінің Саяси ынтымақтастық басқармасының басшысы Алмаша Аренова және өзге де сарапшылар сөз сөйлеп, өз пікірлерін ортаға салды.
Монографияда Қазақстанның БҰҰ, ШЫҰ сияқты халықаралық ұйымдар аясындағы белсенді бастамалары мен елдің өңірлік және жаһандық қауіпсіздікке қосқан үлесі де кеңінен сараланған. Сонымен қатар ішкі реформалар мен сыртқы саясаттың өзара байланысы, Орталық Азиядағы ынтымақтастық пен интеграциялық бастамалар, климат және «жасыл» күн тәртібі аясындағы белсенділік те қамтылған.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар
