ХЭНАНЬ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ УНИВЕРСИТЕТІМЕН БАЙЛАНЫС ОРНАДЫFarabi University

ХЭНАНЬ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ УНИВЕРСИТЕТІМЕН БАЙЛАНЫС ОРНАДЫ

28 тамыз, 2025

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Қытайдың Хэнань ауыл шаруашылығы университетінен келген делегация  ҚазҰУ басшылығымен кездесті.

Келіссөзді ашқан ҚазҰУ Басқарма Төрағасының орынбасары – бірінші проректор Еркін Дүйсенов қонақтарға ҚазҰУ-дың халықаралық және ғылыми-білім беру қызметі туралы баяндады.

Қытай тарапынан Хэнань ауыл шаруашылығы университетінің ректоры Юэ Цзеюн мырза сөз сөйледі. Ол аграрлық және технологиялық ғылымдар саласында екіжақты ынтымақтастықты дамытып, екі университет арасында тәжірибе алмасуға қызығушылық білдірді. Сонымен қатар ХАШУ-дың тарихы мен жетістіктері туралы айтты.

Хэнань ауыл шаруашылығы университеті – Қытайдағы жетекші аграрлық жоғары оқу орындарының бірі. Ол 1902 жылы құрылып, қазіргі уақытта университетте бакалавриат, магистратура және докторантура бағдарламалары бойынша 34 мыңнан астам студент білім алуда. Университеттің білім беру қызметі агрономия, инженерия, медицина, менеджмент және өнер сияқты 10 білім саласын қамтиды. ХАШУ – ауылшаруашылық зерттеулер саласындағы көшбасшы. Оның құрамына ондаған ғылыми зертханалар мен инженерлік орталықтар кіреді, соның ішінде бидай мен жүгері өндірісі жөніндегі Ұлттық негізгі зертхана және P3 деңгейіндегі биологиялық зертхана бар. Университет ғалымдарының зерттеу нәтижелері Nature, Science сынды беделді халықаралық журналдарда жарияланады.

Кездесу барысында тараптар бірлескен ғылыми жобаларды жүзеге асыру, студенттер мен оқытушылармен алмасу, академиялық ұтқырлық бағдарламаларын дамыту, халықаралық конференциялар мен тағылымдамалар ұйымдастыру мәселелерін талқылады.

Кездесу қорытындысында Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті мен Хэнань ауыл шаруашылығы университеті арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.

 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі