ҚазҰУ профессоры Оңтүстік Корея үкіметінің грантын жеңіп алды

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті шығыстану факультетінің профессоры Наталья Ем Оңтүстік Корея үкіметінің беделді грантын иеленді.
Қаржыландыру халықаралық академиялық ынтымақтастықты және корейтануды дамытуға бағытталған жетекші ұйымдардың бірі – Корей қоры арқылы берілді. Бағдарлама аясында профессор Н.Ем Сеул ұлттық университетінде ғылыми-зерттеу және оқытушылық қызметін бастайды.
ҚазҰУ-дың шығыстану факультетінің Қиыр Шығыс кафедрасы Корей қорымен ынтымақтастықта жемісті жұмыс атқарып келеді. Соңғы маңызды жобалардың бірі – ҚазҰУ-дағы корейтану саласының 30 жылдығына арналған халықаралық ғылыми конференцияны ұйымдастыруға грант берілген болатын. Бұл жоба Қазақстан, Корея және басқа да елдердің жетекші ғалымдарын біріктірді. Профессор Наталья Ем бұған дейін де қордың гранттық жобаларына қатысқан – 2013 жылы Оңтүстік Кореяда шақырылған зерттеуші ретінде жұмыс істеді.
Сеул ұлттық университеті (Seoul National University) QS рейтингі бойынша әлемдегі үздік 50 университеттің қатарына кіреді. Профессор Н.Ем Кюнджангак институтының жетекші ғалымдарымен бірігіп, Кореяға қатысты көпсалалы зерттеулер жүргізеді.
Жоба Оңтүстік Кореядағы мультимәдениет мәселелерін зерттеуге бағытталған. Оның шеңберінде далалық жұмыстар жүргізіліп, нақты деректер жиналып, ғылыми тұрғыдан талданады. Сондай-ақ зерттеу нәтижелері ғылыми семинарларда талқыланып, халықаралық басылымдарда жарияланатын болады.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар


