ҚазҰУ студенттеріне арналған көшбасшылық дәрістер өттіFarabi University

ҚазҰУ студенттеріне арналған көшбасшылық дәрістер өтті

2 қыркүйек, 2025

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Білім күні мен жаңа оқу жылының басталуына орай, ашық сабақтар мен көшбасшылық дәрістер ұйымдастырылды.

Жаңа оқу жылында алғаш рет студент атанған жас түлектерге ҚазҰУ Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаевтың құттықтауын  проректорлар жеткізді.

Одан кейін аға буын оқытушы-профессорлар, мемлекет және қоғам қайраткерлері мен кәсіби мамандар жастардың білім жолында табысты болуына тілектестік білдірді.

Филология факультетінде өткен «Әдебиет – ұлттың рухы» атты дәрісте Қазақстанның халық жазушысы Смағұл Елубай әдебиеттің ұлттық сана мен рухани дәстүрді қалыптастырудағы маңызын жан-жақты ашып көрсетті.

Заң факультетінде ҚР Жоғарғы сотының экс-төрағасы, Еуразиялық экономикалық одақтың Халықаралық сотының экс-төрағасы, профессор Мұсабек Әлімбековтің көшбасшылық дәрісі өтті. Мұсабек Тұрғынбекұлы құқықтық білімді жетілдірудің, әділетті қоғам қалыптастырудағы азаматтардың рөлінің маңыздылығын түсіндіріп,  жастарды заңды құрметтеуге, азаматтық жауапкершілікті сезінуге және елдің тұрақты дамуына үлес қосуға шақырды.

Сонымен қатар филология ғылымының докторы, профессор Дандай Ысқақұлы «Абай ілімінің мән-маңызы» тақырыбында ұлттық философиялық мұраның өзектілігі мен қазіргі заманға сай маңыздылығын түсіндірді.

Философия және саясаттану факультетінде профессор Жақыпбек Алтаев жастарға көшбасшылық қасиеттерді қалыптастырудағы философиялық негіздер мен саяси мәдениеттің рөлін айтып берді. Ол адамдық құндылықтар, этика және әділеттілік принциптерінің қоғам мен жеке тұлғаның дамуына ерекше әсеріне тоқталды.

Бұл дәрістер жастарға ұлттық мәдениет пен руханияттың мәнін түсінуге, азаматтық жауапкершілікті сезінуге және елдің дамуына үлес қосуға деген ынтасын арттыруға ықпал етті. Студенттер үшін бұл тек теориялық білім емес, өмірлік тәжірибе мен құнды кеңестер алу мүмкіндігі болды. Осындай іс-шаралар олардың жан-жақты дамуына және болашақта елге қажетті маман болып қалыптасуына септігін тигізеді.

Білім күні аясында өткен дәрістер студенттерге жаңа ортада өзін танытуға, жаңа білім мен ғылымды игеруге, болашақ көшбасшылар ретінде қалыптасуға жол ашты.

Жаңа оқу жылының алғашқы күнінде университет студенттерді арнайы безендірілген фотоаймақта көңілді музыка ойнатып, салтанатпен қарсы алды.

 

​​​​​​​

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі