Шетелдік сарапшылардың TEDx форматындағы дәрісі өттіFarabi University

Шетелдік сарапшылардың TEDx форматындағы дәрісі өтті

3 қыркүйек, 2025

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Экономика және бизнес жоғары мектебінің ұйымдастыруымен TEDx форматында қонақ дәрісі өтті.

Іс-шарада Сингапур мен Үндістаннан келген халықаралық сарапшылар көшбасшылық, трансформациялық ойлау және заманауи маркетинг бағыттарындағы өздерінің бірегей тәсілдерімен бөлісті. Дәрісті стратегиялық көшбасшылық пен командалық тиімділік тақырыбында сөз сөйлеген танымал коуч және кеңесші Анне Пхей ашты. Ол: «Көшбасшылық – бұл тек басқару емес, адамдарды жаңа белестерге жетелеу», – деп атап өтті. Harvard Business School және IBM сияқты ұйымдармен жұмыс істеу тәжірибесі оған цифрлық трансформацияға қатысты практикалық кеңестерімен бөлісуге мүмкіндік берді. Бұл кеңестер қатысушыларға үлкен әсер қалдырды.

Келесі спикер – Уун Чет Чун өз сөзінде MECE құрылымдық әдісіне негізделген көшбасшылық ойлау тұжырымдамасын таныстырды. Ол:
«Нағыз көшбасшы жалпы көріністі ғана емес, сонымен қатар ұсақ-түйегін де түсіне алуы керек», – деп атап өтті. Оның Fujifilm және Honda сияқты ірі корпорациялармен сәтті жұмыс істеу тәжірибесі студенттерге шабыт берді.

Үндістандық дәрігер және коуч доктор Алка Чадха жастарға бейімделу мен өзгерістерді басқару дағдыларын үйрету арқылы өзінің ерекше «Су даналығы» философиясымен бөлісті. «Біз өзгерістерді су секілді қабылдап үйренуіміз керек», – деді. Оның медицина саласындағы тәжірибесі мен көшбасшылық психологияны ұштастыруы көптеген тыңдаушылар үшін тың жаңалық болды. Сондай-ақ Үнді армиясының ардагері, бригадир Сушил Бхасин «Time is Life: Every Second Counts» атты тайм-менеджмент бағдарламасын таныстырса, Addy.AI стартапының негізін қалаушы, «Reinvent 4.0» кітабының авторы Эдилин Тиа психологиялық қауіпсіз командалар құру тәсілдерімен бөлісті.

Студенттер, оқытушылар және университет қонақтарының басын қосқан бұл дәріс білім алмасудың алаңына айналып, тұлғалық және кәсіби дамудың негізін қалады.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі