ҚазҰУ жаңа білім беру бағдарламаларын енгізді

Жаңа оқу жылында Әл‑Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті білім беру саласына жаңашылдық енгізіп, бакалавриат, магистратура және докторантура деңгейлерінде жаңа бағдарламаларды іске қосты. Бұл бағдарламалар журналистика, шығыстану, биология және биотехнология, ақпараттық технологиялар, халықаралық қатынастар, тарих, филология, география және физика-техникалық ғылымдар салаларын қамтиды.
Журналистика факультеті докторантура деңгейінде «Қоғаммен байланыс» бағдарламасын ұсынады. Бұл оқу бағдарламасы коммуникация теориясы мен тәжірибесінен бастап, медиажоспарлау, репутацияны басқару, дағдарыстық PR және цифрлық коммуникациялар саласындағы заманауи дағдыларды меңгеруге бағытталған. Шығыстану факультеті бакалавриат деңгейінде «Оңтүстік және Оңтүстік-Шығыс Азияны өңіртану» бағдарламасын іске қосты. Сонымен қатар «Аудармашылық: құқық саласында қытай тілін пайдалану» атты бакалавриат және магистратура деңгейлеріне арналған интердисциплинарлық бағдарлама енгізілді. Бағдарлама аясында студенттер құқықтық терминологияны, қытай құқығының негіздерін, кәсіби аударма мен заманауи аударма технологияларын меңгереді.
Биология және биотехнология факультеті магистратура деңгейінде «Биомедициналық инженерия» оқу бағдарламасын іске қосты. Бұл бағдарлама биологиялық және инженерлік білімді біріктіре отырып, медициналық технологияларды дамытуға бағытталған. Сонымен қатар бакалавриат, магистратура және докторантура деңгейлерінде жүзеге асатын «Қолданбалы биофизика» интердисциплинарлық бағдарламасы енгізілді. Оқу барысында студенттер спектроскопия, биомолекулалық өзара әрекеттесу, жасушалық биомеханика және өзге де заманауи әдістерді меңгереді.
Физика-техникалық факультеті Бұхара мемлекеттік техникалық университетімен бірлесіп магистратура деңгейінде «Стандарттау және сертификаттау (салалар бойынша)» бағдарламасын іске асырады. Бағдарлама халықаралық стандарттар мен сапаны бақылау саласындағы білікті мамандарды даярлауға бағытталған.
Тарих факультеті бакалавриат деңгейінде екі жаңа бағыт – «Әлеуметтік-мәдени антропология» және «Музейтану және тарихи-мәдени туризм» бағдарламаларын ұсынады. Студенттер этнографиялық және антропологиялық зерттеу әдістерін, музей ісінің теориясы мен тәжірибесін, мәдени мұраларды сақтау, экскурсия ұйымдастыру және тарихи туризмді дамыту тәсілдерін үйренеді.
География және табиғатты пайдалану факультеті магистратурада «Жер сілкінісінің геологиясы және сейсмикалық қауіптілік» бағдарламасын іске қосты. Ол сейсмология, геофизика, сейсмикалық үдерістерді модельдеу, табиғи қауіп-қатерлерді бағалау және инженерлік сейсмология салаларын қамтиды.
Ақпараттық технологиялар факультеті цифрлық экономикаға бағытталған жаңа бағыттарды іске асырып, кадр даярлауды кеңейтуде. Бакалавриатта ашылған «Бағдарламалық инженерия» бағдарламасы аясында студенттер алгоритмдер мен бағдарламалау, мәліметтер базасы, желілік технологиялар және киберқауіпсіздік негіздерін меңгереді. Магистратура деңгейінде жүзеге асырылатын «IT-менеджмент» бағдарламасы цифрлық жобаларды басқару, цифрлық трансформация, бизнес-талдау және инновациялар салаларында басқарушылық қабілеттерді қалыптастырады.
Солтүстік-батыс Қытай политехникалық университетімен (ҚХР) бірлесіп докторантура деңгейінде «Компьютерлік ғылымдар мен технологиялар» атты қосдипломдық бағдарлама жүзеге асырылады. Онда машиналық оқыту, үлкен деректерді өңдеу, нейрондық желілер және робототехника салалары қамтылған. Сондай-ақ бакалавриатта «Жасанды интеллект» атты қосдипломдық бағдарлама енгізілді. Бұл бағдарлама табиғи тілді өңдеу, интеллектуалды жүйелер, компьютерлік көру және жасанды интеллектінің қолданбалы салаларын меңгеруге бағытталған.
Әскери-инженерлік радиоқатынас институтымен бірлесіп «Әскери криптология» атты бакалавриат бағдарламасы жүзеге асырылуда. Бағдарлама киберқауіпсіздік пен криптоанализ саласында жоғары білікті мамандар даярлауға бағытталған.
Филология факультеті Францияның Гренобль-Альпы университетімен бірлесіп «Шетел филологиясы: француз тілі» атты қосдипломдық бакалавриат бағдарламасын іске қосты. Оқу жоспарына лингвистика, аударма ісі, француз әдебиеті, мәдениеттану және мәдениаралық коммуникация салаларындағы кәсіби дайындық кіреді.
Халықаралық қатынастар факультеті бакалавриат деңгейінде «Халықаралық экономика» бағдарламасын ұсынады. Бұл бағдарлама жаһандық экономикалық үрдістер, халықаралық сауда, экономикалық дипломатия және халықаралық қаржы институттарымен өзара әрекет ету мәселелерін қамтиды.
Осылайша 2025-2026 оқу жылына арналған жаңа білім беру бағдарламалары ҚазҰУ студенттеріне академиялық және кәсіби көкжиектерді кеңейтетін жаңа мүмкіндіктер аша отырып, университеттің білім мен ғылымдағы көшбасшылық ұстанымын нығайтуға ықпал етеді.
Әл‑Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар


