ТОПЫРАҚТАНУ ЖӘНЕ ЭКОЛОГИЯ БОЙЫНША ЖАҢА ОҚУ ЗЕРТХАНАСЫ АШЫЛДЫ

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде биология ғылымының кандидаты, доцент Батыргелді Шымшықов есімімен аталатын жаңа оқу зертханасы ашылды. Оқу орнының география және табиғатты пайдалану факультеті жанындағы Тұрақты даму бойынша ЮНЕСКО кафедрасы базасында құрылған зертхана топырақтану және экология салаларына арналған.
Батыргелді Ерденұлы – еліміздегі топырақтану мен экология ғылымының дамуына зор үлес қосқан көрнекті ғалым. Ол Еділ-Жайық аралығындағы топырақты зерттеп, Каспий өңірі мен Батыс Қазақстандағы өнеркәсіптік ластануларға қатысты ірі ғылыми жобаларды жүзеге асырған. Ғалымның еңбектері топырақ құнарлылығын арттыру, экожүйені сақтау және табиғатты ұтымды пайдалану ісінде ерекше маңызға ие.
Жаңадан ашылған оқу зертханасы студенттер мен жас зерттеушілер үшін тәжірибелік алаңға айналады. Мұнда топырақ құнарлылығын сақтау, экожүйені қорғау және ластану салдарын бағалау бағытында зерттеу жұмыстары жүргізілмек.
Зертхана қызметі БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарымен тығыз байланысты. Атап айтқанда: жер ресурстарын тиімді пайдалану, климаттық өзгерістерге бейімделу, биоәртүрлілікті сақтау, экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, сапалы және инклюзивті білім беру, өмір бойы оқыту мүмкіндігін кеңейту секілді өзекті бағыттарды қамтиды.
Белгілі ғалымның есімін зертханаға беру – оның ғылымдағы қажырлы еңбегіне, сондай-ақ жас ұрпақты тәрбиелеуге қосқан сүбелі үлесіне көрсетілген зор құрмет.
Әл-фараби атындағы қазұу-дың баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар


