ҚазҰУ-да дрон құрастыру орталығы құрылады

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев «Юань Чжэнь» қытайлық компаниясының бас директоры Тан Цзюлунмен кездесті.
Жүздесуде тараптар ҚазҰУ базасында ұшқышсыз ұшу аппараттарын әзірлейтін цех құру бойынша меморандумға қол қойды.
Аталған келісімге Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қытай Халық Республикасына жұмыс сапары барысында қол жеткізілген болатын.
Бүгінгі қол қойылған меморандум аясында ҚазҰУ мен «Юань Чжэнь» компаниясы ұшқышсыз ұшу аппараттарын бірлесіп әзірлеп, қолданысқа енгізеді. Бұған қосымша ортақ ғылыми жобаларды жүзеге асырып, студенттердің тағылымдамадан өтуіне мүмкіндік қарастырылады. Оқу ордасының базасында дайындалатын дрондарды түрлі салада қолдануға болады. Сондай-ақ цех білікті мамандарды даярлауға септігін тигізеді.
Келіссөз барысында Жансейіт Түймебаев ҚазҰУ базасында қытайлық әріптестермен бірлескен ортақ ғылыми жобалар сәтті жүзеге асырылып келе жатқанын атап өтті. Мәселен, университетте Қытаймен бірге суперкомпьютер мен робототехника орталығы өз жұмысын бастады.
Өз кезегінде «Юань Чжэнь» инвестициялық және даму компаниясының бас директоры Тан Цзюлун ұшқышсыз ұшу аппараттарын әзірлейтін цех екі мемлекет арасындағы жаңа технологияларды игеру бағытындағы серіктестікті дамытатынын жеткізді.
Кездесу соңында тараптар цех жұмысын іске асыру бойынша арнайы жұмыс тобын құруға уағдаласты.
Ғылыми цехқа қажетті алаңды ҚазҰУ дайындап, жөндеу жұмыстарын жүргізеді. Ал қытайлық компания қажетті техникалармен және аппараттармен қамтамасыз етеді.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар


